Тоқаев Көшпенділер ойындарындағы жеңімпаздардың еңбегін атап өтті
Президент Тоқаев Көшпенділер ойындарында ел намысын қорғаған спортшылардың еңбегі еленетінін айтып, оларға алғыс білдірді.
АСТАНА. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының барысын қадағалап, ел намысын қорғаған спортшылардың еңбегі еленетінін жеткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
Президент атынан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов арқылы қазақстандық спортшыларға ізгі тілектер жолданып, жарыстарда достық пен әділдік рухы сақталып, жарқын жеңістер тіленді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бапкерлер мен чемпиондарға алғысын білдіріп, ұлттық құраманың табысына үлес қосқан әрбір азаматтың еңбегі лайықты бағаланатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, 31 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев ойындардың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан болатын. Ал бүгін қазақстандық спортшылар 300 шақырымдық ат жарысында үздік нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы 25 алтын медальмен жалпы есепте көш бастап тұр.




