Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Тоқаев Каспий экология саммитінде теңізді сақтау бастамаларын ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Каспий экология саммитінде сөз сөйлеп, теңіздің тартылуына қарсы бірлескен шаралар мен цифрлық платформа құруды…

Тоқаев Каспий экология саммитінде теңізді сақтау бастамаларын ұсынды
Сурет: azattyq-ruhy.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Каспий экология саммитінде сөз сөйлеп, теңіздің аймақ халқы үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Ол саммитті өткізу бастамасын көтерген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын білдіріп, кездесудің тарихи сипатын атап өтті.

– Каспий – бірегей табиғи қазына, миллиондаған адамның тіршілік көзі, күллі Еуразия құрлығындағы негізгі көлік және энергетика торабы. Сондықтан теңіз экожүйесін сақтауға, ең алдымен, біздің мемлекеттеріміз мүдделі болуы керек. Осы орайда, мұны тек экологиялық дағдарыс емес, салдары өте қауіпті экономикалық ахуал деп бағалаған Иран Президенті Масуд Пезешкиан мырзаның пікірін құптаймын. Егер қазір жедел әрі батыл шаралар қабылданбаса, экологиялық жағдай күрт нашарлауы ықтимал. Бұл Каспий маңында орналасқан елдердің халқына ғана емес, әлемдік қоғамдастыққа да зардабын тигізеді. 2000 жылдан 2025 жылға дейін тартылған теңіз аумағы 16 мың шаршы шақырымнан асты. Жекелеген учаскелерде су жағадан ондаған шақырымға дейін алыстап кеткен. Каспийге келіп құятын өзен суының азаюы, климаттың жылынуы, антропогендік жүктеменің артуы нәзік табиғи жүйе мен теңіздің биоалуантүрлілігіне өте жағымсыз әсер етіп, орасан нұқсан келтіреді. Каспий итбалықтарының ахуалы қатты алаңдатады. Соңғы ғасырда олардың саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Каспийдің мүшкіл халін аймақтағы ауқымды климаттық өзгерістен бөліп қарауға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, осы ғасырдың соңына қарай өңірдің кей жерлерінде температура 5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бұл мұздықтардың еруін тездетіп, су тапшылығына, қуаңшылыққа және жердің тозуына әкеп соғады. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай өңірдегі шамамен 2,5 миллион адам климат факторларының әсерінен қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін. Теңіздің тартылуы кеме қатынасына, порт инфрақұрылымына, балық шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп салаларына және жағадағы елді мекендердің орнықты дамуына қатер төндіреді. Қазақстан Арал қасіретінен сабақ алып, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеуі керек.

Мемлекет басшысы Қазақстанның экологиялық мәселелерге халықаралық және ұлттық деңгейде ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Жаңа Конституцияда табиғатты аялау қағидаттары көрініс тапқан. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы миллионға жуық волонтерді біріктіріп, жаңа экологиялық мәдениет қалыптастырудың нақты құралына айналды.

Президент табиғатты қайта түлетудің жарқын мысалдарын келтірді. Солтүстік Арал теңізінің айдыны 36 пайызға ұлғайып, судың сапасы жақсарып, балық қоры қалпына келді. Киік саны өсіп, қар барысының популяциясы сақталып отыр. Тұран жолбарысын қалпына келтіру бағдарламасы қолға алынып, Ресейден әкелінген Амур жолбарыстары жергілікті табиғатқа бейімделуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий ынтымақтастығының халықаралық құқықтық және институционалдық негізі қалыптасқанын мәлімдеді. Тегеран конвенциясының күшіне енгеніне 20 жыл толды. Қазақстан премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің тартылуына қатысты үкіметаралық комиссия құру жөніндегі Әзербайжанның ұсынысын қолдайды. Каспий маңындағы елдер Қазақстанның су ресурсын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу бастамасын мақұлдады.

Президент бірқатар негізгі бағытқа назар аударды. Ол экологиялық қауіп-қатерді дер шағында анықтап, алдын алу үшін бірізді ғылыми тәсіл керек деп есептейді. 2024 жылы Қазақстан Каспий теңізі ғылыми зерттеу институтын құрды. Каспий маңы елдерінің ғылыми орталықтары мен осы институттың әлеуетін толықтай жұмылдыру қажет.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы заманауи технологияларды қолданудың өзектілігіне баса мән берді. Ол су ресурстарының жай-күйі, жағалаудың өзгеруі, биоалуантүрлілік, ластану, өзен ағыны және басқа да параметрлер бойынша мәліметтерді өңдеп, талдау үшін бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынды. Спутниктік технологиялар, жасанды интеллект және болжам жасаудың заманауи жүйелері нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Президент Каспийдегі биоалуантүрлілікті сақтау үшін қосымша шаралар қажет екенін айтты. Теңіздің тартылуы, табиғи өмір сүру ортасының өзгеруі, ластану және антропогендік жүктеменің артуы уылдырық шашатын орындарды қалпына келтіруді, өзен аңғарларындағы экожүйені, флора мен фаунаның осал түрлерін қорғауды талап етеді. Заңсыз балық аулауға және биологиялық ресурстардың көлеңкелі айналымымен күреске баса мән беру керек. Қазақстан Каспий итбалығы мен оның тіршілік ету ортасын сақтау мақсатында құрылған мемлекеттік табиғи резерват әлеуетін жұмылдыруға әзір. Еліміз Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру жұмысын қолға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін сақтауға және перспективті жобалардың пулын қалыптастыруға халықаралық деңгейде күш салу қажет екенін атап өтті. Мұндай жобалар Каспий акваториясы мен оған құятын өзендердің алаптарын қамтуға тиіс. Су ағынын, өзен атыраулары мен сулы-батпақты аумақтарды қалпына келтіріп, гидротехникалық құрылыстардың жағдайын жақсарту керек. Бұл жұмыстарды гранттар, жеңілдетілген несие және климаттық қаржыландырудың басқа да арналары есебінен жүргізуге болады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Тегеран конвенциясының тұрақты Хатшылығын толық жасақтау өте маңызды деп санайды. Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын жалғастырады. Су қауіпсіздігі азық-түлік, энергетикалық және климаттық қауіпсіздікпен бірге халықаралық күн тәртібінде лайықты орын алуға тиіс.

Президент атап өткендей, Каспий – мемлекеттік шекараға бағынбайтын біртұтас экожүйе. Сондықтан халықаралық ұйымдар және қаржы нарықтары аясында үйлесімді іс-әрекет болмаса, табысқа жету мүмкін емес. Бізде саяси диалог орнаған, халықаралық-құқықтық база, салалық институттар мен айтарлықтай ғылыми әлеует қалыптасқан. Бірлескен күш-жігердің арқасында халықтарымыздың тіршілік көзі мен баянды болашағының кепілі саналатын Каспий теңізін сақтай аламыз.