Тоқаев Hyundai өкілдерімен кездесіп, жаңа келісімдер жасалды
Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Engineering және Kia өкілдерімен кездесіп, инвестициялық ынтымақтастық пен жаңа жобаларды талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Motor Group тобына кіретін Hyundai Engineering және Kia өкілдерімен кездесті. Кездесуде инвестициялық және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанда жаңа ауқымды жобаларды іске асыру перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы Hyundai Motor Group корпорациясының Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін дамытуға айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті. Ол өндірісті локализациялауды одан әрі тереңдету, автобөлшектерді көптеп шығару және экспорттық саладағы әлеуетті нығайту шараларының маңызына тоқталды. Бұл ретте Алматыдағы Hyundai және Қостанайдағы Kia зауыттары ерекше рөл атқарады.
Президент Қазақстанды автомобиль өндірісі мен экспорты бойынша ірі өңірлік орталыққа айналдыру, өндірістің толық циклін дамытуға ден қою секілді перспективті міндеттер айқындалғанын айтты. Сондай-ақ серіктестіктің тағы бір маңызды бағыты ретінде электр көлігі саласына – электромобиль өндірісі, оның қосалқы бөлшектері мен қуаттау инфрақұрылымын жасақтауға назар аударды.

Сунг Ким Hyundai мен Kia жобаларына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Hyundai Motor Group жетекшісі компания үшін Қазақстан нарық қана емес, ТМД елдері бойынша маңызды өңірлік орталық саналатынын жеткізді. Ол корпорацияның Қазақстандағы қызмет аясын кеңейтуге және өндірісті локализациялауды арттыруға ниетті екенін растады.
Бұдан бөлек, Hyundai Engineering басшылығы мұнай-газ, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті. Kia компаниясының өкілдері Қазақстанның ұлттық автомобиль брендін қалыптастыруға үлес қосу ниетін мәлімдеді.
Кездесу соңында Батыс Қазақстан облысында газ өңдеу зауытын салу туралы QazaqGaz, Hyundai Engineering және SICIM Kazakhstan компаниялары арасында, сондай-ақ Hyundai Tucson жаңа моделінің өндірісі жөнінде Hyundai Motor Company мен Astana Motors компаниялары арасында келісімдерге қол жеткізілді.




