Тоқаев Hanwha Group-пен технологиялық ынтымақтастықты талқылады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Hanwha Group компаниясының өкілі Ким Дон Вонмен кездесіп, екіжақты инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.
Мемлекет басшысы Кореямен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан Hanwha Group-ты Корея Республикасының бірқатар стратегиялық маңызды салаларында халықаралық позициясы мығым жетекші бизнес топтарының бірі ретінде қарастырады.
Тоқаев елімізде ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Ол Hanwha Group-қа Қазақстанды Орталық Азия нарығына шығатын технологиялық алаң ретінде пайдаланып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.
Президент Қазақстанның Hanwha Group-пен серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растады және қол жеткізілген уағдаластықтар өзара тиімді нақты жобаларға ұласатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Ким Дон Вон Hanwha Group 1997 жылы Қазақстанмен ынтымақтастықты бастаған алғашқы кореялық корпорациялардың бірі екеніне назар аударды. Сондай-ақ ол еліміздегі цифрландыру үдерісіне және түрлі жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндігін ерекше ықыласпен қабылдағанын атап өтті.




