Тоқаев FIBA президентін «Достық» орденімен марапаттады
Қасым-Жомарт Тоқаев FIBA президенті Сауд Али Әл-Тәниді «Достық» орденімен марапаттап, баскетболды дамыту мәселелерін талқылады.
Ақорданың мәліметінше, Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) президенті Сауд Али Әл-Тәнимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Президент FIBA-ның отандық баскетболға көрсеткен қолдауын жоғары бағалап, Сауд Али Әл-Тәниге Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясының отырысына қатысқаны үшін алғыс білдірді.
Мемлекет басшысы биыл отандық баскетбол тарихына 100 жыл толғанын, осыған орай балалар мен жастар арасында танымал спорт түріне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстаннан халықаралық деңгейде, соның ішінде әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен көрнекті баскетболшылар шыққанын тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде келешегі зор бағыт ретінде 3×3 форматындағы баскетболға қызығушылық арта бастағанына тоқталды. Кездесуде бұқаралық және кәсіпқой баскетболды ілгерілетуге, спорттық резерв даярлауға, бірлескен жобаларды іске асыруға айрықша назар аударылды.
Федерация президенті Мемлекет басшысына елімізде аталған спорт түріне қолдау көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдіріп, Ұйымның баскетболды одан әрі дәріптеуге бағытталған жоспарымен бөлісті.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы баскетболды дамытуға қосқан үлесі үшін Халықаралық баскетбол федерациясының президенті шейх Сауд Али Әл-Тәниді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.




