Тоқаев биоалуантүрлілікті сақтауда жасанды интеллектіні қолдануды ұсынды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 саммитінде биоалуантүрлілікті сақтау үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдануды ұсынды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биоалуантүрлілікті сақтау ісінде озық технологияларды кеңінен пайдалануға шақырды. Бұл туралы ол COP17 аясындағы Биоалуантүрлілікті сақтау бойынша көшбасшылар саммитінде мәлімдеді.
«Бүгінде тиімді серіктестік цифрлық технология мен жасанды интеллектіге арқа сүйеуі қажет. Себебі олар экожүйелерді мониторингтеу, табиғи ресурстарды басқару және экологиялық қауіп-қатерді болжау әдістерін түбегейлі өзгерте алады. Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформация – ұлттық басымдық. Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, биоалуантүрлілік деректерін талдау, алдын ала ескерту жүйелерін әзірлеу, сала мамандарын даярлау платформасы ретінде пайдалануды ұсынамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орналастыруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл кеңсе Орталық Азия елдеріне биоалуантүрлілік жөніндегі Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, ғылыми тәжірибе алмасуға және табиғатты қорғау жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал ете алады.
Саммитте Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, ЮНЕСКО Бас директоры Халед Әл-Анани, Занзибар Президенті Хусейн Али Мвиньи және басқа да ресми тұлғалар сөз сөйледі.




