Тоқаев АӨСШК саммитінде Әзербайжанға алғыс айтып, жаңа бастамалар ұсынды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК саммитінде Әзербайжанға алғыс айтып, ЖИ, көлік, энергетика және су ресурстары салаларында жаңа бастамалар…
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК саммитінде сөйлеген сөзінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке қонақжайлық пен саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Ол Әзербайжанның кеңеске төрағалығын оң бағалап, диалог пен сенімді нығайту алаңы ретінде АӨСШК әлеуетін кеңейтуге бағытталған белсенді төрағалығын атап өтті.
– Қазақстан үшін кеңестің маңызы ерекше. Еліміз отыз жылдан аса уақыт бұрын кең-байтақ өңірде өзара сенімді арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізу мақсатында осы форумды құру жөнінде бастама көтерген болатын. Содан бері АӨСШК өзара тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мүше мемлекеттерді ортақ іске жұмылдырып келеді. Бастапқыда Азиядағы қауіпсіздікті сақтап, сенімді нығайтуды көздейтін жалпыға ортақ тікелей диалог форматында құрылған бұл алаң бүгінде бірегей форумға айналды. Ұйымға мүше елдер Азия құрлығының шамамен 90 пайызын қамтиды. Мұнда Жер шары тұрғындарының жартысынан астамы өмір сүреді. Халықаралық институттардың көбінде мұндай әлеует жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Президент форумның ауқымы АӨСШК-нің зор әлеуетін танытатынын, ал ортақ болашақ құруға ұмтылған жастар оның қозғаушы күші екенін айтты. Ол сондай-ақ Лаостың Ұйымға мүше болғанына қуанышын жеткізді.
Мемлекет басшысы саммиттің форум маңызына елеулі сын-қатер төніп тұрған кезеңде өтіп жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, әлемде байыпты әрі мұқият ойластырылған шешімді қажет ететін күрделі үдерістер орын алып жатыр.
– Түптеп келгенде, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының іргесі шайқала бастады. Бұл жайт құқық үстемдігі көлеңкеде қалып, күш көрсету басымдыққа ие болған қауіпті үрдіспен қатар жүруде. Былтыр әлемде қарулы қақтығыстар саны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көрсеткіштен асып түсті. Бұл кикілжіңдердің құны статистикалық деректермен ғана емес, адам ғұмырымен де өлшеніп жатыр. Өткен жылдың өзінде 20 қарулы қақтығыс болып, 37 мыңнан астам бейбіт тұрғын ажал құшты. 117 миллионнан аса адам босқынға айналды, ал 266 миллион жан ішер асқа жарымай отыр. Бұл ұзақ жылдар бойы жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған бірлескен саяси күш-жігердің нәтижесін жоққа шығарды. Сондықтан Азияға анағұрлым мықты институттар қажет. Ниеттестік жөніндегі декларациялар қабылдаудың дәуірі өтті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 2022 жылы Астанада өткен VI саммитте АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру туралы уағдаластықты еске салды. Ол Әзербайжанның төрағалық миссияны лайықты іске асырып жатқанын айтып, АӨСШК Жарғысының қабылдануын күтетінін жеткізді. Қазақстанның трансформацияға қатысты ұстанымы бұған дейін бекітілген міндеттемелерге негізделетінін атап өтті.
– Біздің Ұйым дау-дамайды бейбіт жолмен реттеуге, қарусыздандыруға және бейбітшілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алады. Бүгінде мұның маңызы арта түсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да халықаралық институттармен байланыс орната отырып, АӨСШК Азия мен одан тысқары аймақтардағы қайшылықтарды еңсеруде анағұрлым белсенді рөл атқаруға тиіс. Осы орайда кеңеске мүше елдердің ұжымдық саяси ерік-жігерін нәтижелі бастамаларға жұмылдыруға шақырамыз. Нақты қадам ретінде Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынамыз. Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі. Мұндай тетік Ұйымға мүше елдердің шешім шығаруға жүйелі түрде атсалысуына және мәлімдеме қабылдаудан гөрі келісілген іс-әрекетке көшуіне мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы болашаққа бағдарланған Ұйым түбегейлі өзгерістерге дайын болуы керектігін айтты. Ол жасанды интеллектінің экономикалық даму мен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын факторға айналғанын, кибершабуылдардың заманауи қақтығыстардағы рөлін және ЖИ-ді халықаралық-құқықтық реттеу тетіктерінің жетілмегенін атап өтті.
– Жасанды немесе супер интеллект қазірдің өзінде экономикалық даму мен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын факторға айналды. Кибершабуылдар заманауи қақтығыстарды ушықтыруда төтенше рөл атқарады. Бұдан бөлек, жасанды интеллектінің бақылаусыз дамуы зор алаңдаушылық туғызады. ЖИ-дің мүмкіндігі молая түскенімен, оны халықаралық-құқықтық реттеу тетіктері жетіле қоймаған. Қазірдің өзінде ЖИ агенттерінің қорғау тетіктерін айналып өтіп, сыртқы жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелді. Егер халықаралық-құқықтық тетіктерді енгізу арқылы осы үдерістерді тоқтатпасақ, мұндай жағдайлардың салдары ауырлап, мемлекеттер арасындағы қақтығыс шиеленісе түсуі ықтимал. Жасанды интеллектінің дамуы адамзаттың оны тиімді бақылау қабілетінен асып түспеуі керек. Сондықтан сенімді нығайту шаралары цифрлық ортаға да тиесілі. Меніңше, АӨСШК қолда бар бес өлшемді алтыншы, яғни жасанды интеллектімен толықтыруы керек, – деді Қазақстан Президенті.
Ол ЖИ технологияларын орынды пайдалану экономикалық өркендеуді жеделдететінін, мемлекетті басқарудың тиімділігін арттырып, аймақтың даму мүмкіндігін кеңейтетінін атап өтіп, тәуекелдерді бірлесіп бақылау қажеттігін айтты. Сондай-ақ Вашингтонда қол қойылған Суперинтеллект бойынша келісімді құптайтынын жеткізіп, оны БҰҰ аясындағы халықаралық шарттың негізі бола алатынын атап өтті. Қазақстан Алматыда БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын орналастыратынын хабарлады.

Президент ақпараттық қауіпсіздіктің стратегиялық жобалар үшін маңызын атап өтіп, Қазақстан мен Әзербайжанның Каспий табанымен тартылған Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске асыруға кіріскенін мәлімдеді.
– Бүгін Қазақстан мен Әзербайжан маңызды кезеңге қадам басты. Елдеріміз Каспий табанымен тартылған Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске асыруға кірісті. Цифрлық Жібек жолы бірегей жобасы Еуразия кеңістігінде анағұрлым жылдам әрі қауіпсіз мәлімет алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Азияның цифрлық әлеуетін нығайтып, ынтымақтастықтың тың бағыттары ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Әзербайжан мен Арменияның бітімге келу процесіне қолдау білдіріп, Оңтүстік Кавказ тәжірибесі көреген көшбасшылықтың нәтижесін көрсеткенін айтты. Ол АӨСШК-нің көлік байланысы стратегиясын бірлесе әзірлеуді ұсынды.
– Ондаған жылдар бойғы қақтығыстардан кейінгі тараптардың ымыраға келуі жаңа перспективаға жол ашып, Шығыс пен Батыс арасында байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Берік саяси ерік-жігері мен зор экономикалық әлеуеті бар АӨСШК ірі трансшекаралық жобаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қоса алады. Сондықтан АӨСШК-нің көлік байланысы стратегиясын бірлесе әзірлеуді ұсынамын. Бұл Стратегия өңіріміздегі «Бір белдеу, бір жол», Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі, Орта дәліз және TRIPP бастамасын қоса алғанда, негізгі халықаралық көлік бағыттарының әлеуетін зерделеуге мүмкіндік береді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғанын айтып, Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстанның жасыл энергия жеткізу жөніндегі стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойғанын, осылайша Каспий жасыл энергетикалық дәлізінің негізі қаланғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемін арттыру жоспарын айтты.
– Каспий теңізі өңіріміздің ғана емес, әлемнің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие. Қазақстан Каспий өңірдегі және одан тысқары мемлекеттердің ортақ игілігі үшін әрқашан бейбітшілік пен ынтымақтастық кеңістігі болуы керек деп санайды. Бұл ретте су ресурстары мен экология саласындағы бірлескен күш-жігер арқылы оны сақтап қалу өте өзекті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы экологиялық бағыттың маңызы артқанын атап өтіп, су ресурстарының тапшылығы мен экожүйенің тозуы Азиядағы ең күрделі сын-қатердің біріне айналғанын айтты. Ол АӨСШК су ресурстары серіктестігін құруды және Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ұсынды.
– Азия мен Тынық мұхиты аймағында дүниежүзі халқының 60 пайызы мекендейді. Алайда бұл өңір әлемдік су қорының 35 пайызына ғана иелік етеді. Сәйкесінше, өңірдің су ресурстарымен қамтылуы жан басына шаққанда әлем бойынша төменгі орында. Қазақстан су ресурстары алдағы уақытта да ынтымақтастықтың көзі болуы керек деп санайды. Осыған орай технология алмасу, бірлесіп зерттеу және су үнемдейтін шешімдерді ілгерілету мақсатында АӨСШК су ресурстары серіктестігін құруды ұсынамын. Бұл ретте Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде су ресурстарына қатысты жаһандық күн тәртібін жүйелі үйлестіруді қамтамасыз ететін Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Аталған ұсынысты АӨСШК мүше мемлекеттерінің қосылуына мүмкіндік бере отырып, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан бірлесе ілгерілетуіне болады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бастамалар инвестиция мен адам капиталынсыз нәтиже бермейтінін айтып, АӨСШК-нің адами капитал жөніндегі серіктестігін құруға шақырды. Ол келесі жылы қауіпсіздік пен сенімді нығайту саласындағы ғылыми-зерттеуге арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылуы мүмкін екенін, Қазақстанның Ұйымға мүше 28 мемлекеттің студенттеріне шәкіртақы ұсынуға және ғалымдарға зерттеу гранттарын беруге әзір екенін мәлімдеді.
Сөз соңында Президент Әзербайжанның АӨСШК-ге төрағалығын табысты жалғастыруына тілектестігін жеткізіп, бүгін қабылданған Баку декларациясы алдағы жұмысқа берік негіз қалайтынына сенім білдірді.




