Тоқаев пен Әлиев Каспий табанындағы 380 шақырымдық оптикалық желіні іске қосты
Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Каспий теңізінің табаны арқылы өтетін ұзындығы 380 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісін салтанатты түрде ашты.
Жобаны «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom бірлесіп жүзеге асырды. Желі Қазақстан мен Орталық Азия елдерін, сондай-ақ Қытайды Еуропамен жалғайтын жаңа байланыс бағытының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Ол Жерорта және Қара теңіздердегі байланыс жүйелерімен түйісуі мүмкін.
Жоба Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуда стратегиялық маңызға ие. ТОБЖ елде қосымша халықаралық байланыс желісін іске қосып, отандық нарыққа жаһандық технологиялық компанияларды тартуға, бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасайды.
Ашылу рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев желінің Орта дәлізді дамыту жөніндегі бірлескен күш-жігерге жаңа серпін беретінін атап өтті.
– Біз халықаралық маңызы зор бірегей жобаны іске қостық. Ең бастысы, бұл – жаңа заманның дәлізі. Яғни көлік дәлізі ғана емес, мүлдем жаңа дәуірге, цифрландыру кезеңіне тиесілі жаңалық. Бұл ынтымақтастықтың түбегейлі соны форматы, Орта дәліздің цифрлық түрінің жүзеге асырылуы десек болады, – деді Қазақстан Президенті.
Ильхам Әлиев ТОБЖ-ны іске қосу Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы ықпалдастықты нығайтуға тағы бір қадам екенін айтты.
– Былтыр Әзербайжан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне толық мүше ретінде қабылданды, биыл мен осы ұйымға толық мүше ретінде қатыстым. Аталған жоба ынтымақтастықты тереңдетуге қосылған кезекті үлес болды. Яғни бұл желіні Орталық Азия елдері де, Оңтүстік Кавказ жұрты да, одан тысқары елдер де пайдаланады. Осылайша, бүгін жаһандық жобаны іске қостық, – деді Әзербайжан Президенті.
Салтанатта Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин сөз сөйледі.
Сонымен қатар мемлекеттер басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Әзербайжан Республикасы Үкіметі арасында бұған дейін қол қойылған Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді алмасу рәсімі өтті.




