Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
22 қазан 2026, бейсенбі USD 448,6 EUR 503,8 RUB 5,48 CNY 67,2 Астана +3° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Тоқаев Ақтоғай мыс зауытын стратегиялық жоба деп атады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын стратегиялық жоба деп атап, оны ресми түрде бастады.

Тоқаев Ақтоғай мыс зауытын стратегиялық жоба деп атады
Сурет: aikyn.kz

Абай облысындағы Ақтоғай кен орнында салынатын мыс балқыту зауытын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде еліміздің экономикалық дамуына тың серпін беретін аса маңызды жобалардың бірі деп бағалады. Мемлекет басшысы тау-кен металлургиясының стратегиялық рөлін атап өтіп, былтырғы Жолдауда осы салаға нақты міндеттер қойылғанын еске салды. Оның айтуынша, жаңа зауыттың құрылысы осы бағыттағы белсенді жұмыстың нәтижесі.

«Бүгінде Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, тарихи өрлеу дәуіріне сеніммен қадам басты. Біз біртұтас әрі жасампаз жұрт болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатырмыз. Ең бастысы, жарқын болашағымызға бағдар болатын Конституциямызды қабылдадық. Конституцияда ұлтымыздың мызғымас құндылықтары мен қағидаттары толық көрініс тапты. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру стратегиялық міндет ретінде айқындалды. Осындай өндірістік жобалар, ең алдымен, еліміздің игілігін арттыруды көздейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның пайдалы қазбаларға бай екенін және осы ресурстарды тиімді пайдалануға күш салып жатқанын атап өтті. Елімізде 9,5 мыңнан астам кен орны бар, жылына шамамен 160 миллион тонна кен өндіріледі, 3,5 миллион тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады.

«Былтыр өңдеу саласындағы жалпы өнім көлемі 60 миллиард долларға жетті. Соңғы үш жылда еліміздің барлық аймағында 540 индустриялық жоба іске қосылды. Соның арқасында 50 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Бүгінде бәріміз тағы бір өндірістің басталуына куә болып отырмыз. Бұл – ел экономикасына серпін беретін маңызды оқиға. Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың катодты мыс шығарады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жетеді. Осы зауыт іске қосылған соң Қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жетекші елдердің ондығына кіре алады. Бұдан бөлек, аталған кәсіпорында алтын және күкірт қышқылы өндірілмек. Бір сөзбен, бұл ауқымды жоба отандық металлургия саласының дамуына қомақты үлес қосатыны сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.

Президент кәсіпорын акционерлерінің алдында маңызды міндеттер тұрғанын айтты. «Әсіресе жұмысшылардың заңды әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету қажет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты мәні де – осы. Үкімет, жергілікті билік өкілдері еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс орнатып, белсенді жұмыс істеуі керек. Бұл жұмыс «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес жүргізілуге тиіс», – деді ол.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіпке цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізуге шақырды. «Озық шешімдер кәсіпорынның өнімділігін арттырып, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жақында өткен AI & Digital Bridge форумында мен Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Зауыт салу барысында осы мәселені ескерген жөн. Ең алдымен құрылыс жұмысын сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтау қажет. Осы бірегей жобаны жүзеге асыруға белсене атсалысып жатқан барша азаматқа, қытайлық серіктестерімізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Ақтоғай мыс өңдеу кешені Қазақстанның өнеркәсіптегі әлеуетін арттыра түсуге зор үлес қосады деп сенемін», – деп түйіндеді сөзін Президент.

Салтанатты рәсімде Президент Ақтоғай мыс балқыту зауыты құрылысының ресми басталуына рұқсат берді. Кәсіпорында кен байытудан бастап дайын металл шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қарастырылған. Кешен өзінің кен орнынан алынған мыс концентратын өңдейді, бұл шикізат көзін қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанда шығарылатын өнімнің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаны KAZ Minerals тобы жүзеге асырады, инженерлік серіктесі – қытайлық NFC компаниясы. Бастамаға шамамен 1,8 миллиард доллар инвестиция салынады, оның аясында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. 2030 жылы алғашқы мыс катодын алу жоспарланып отыр. Зауытта мыстан бөлек, алтын, күміс және басқа да ілеспе өнімдер шығарылады.