Танымал фототілші Юрий Беккер 68 жасында қайтыс болды
Қазақстанның танымал фототілшісі Юрий Беккер 68 жасында қайтыс болды.
Қазақстанның белгілі фототілшісі Юрий Зельманұлы Беккер 68 жасында өмірден озды. Бұл туралы Aikyn.kz сайты хабарлады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен жақындарына, әріптестері мен достарына, сондай-ақ оны білетін баршаға көңіл айтты.
Юрий Беккер ұзақ жылдар бойы журналистика саласында еңбек етіп, еліміздің фотошежіресін жасауға зор үлес қосты. Оның объективіне қоғамдық, саяси және мәдени өмірдегі маңызды оқиғалар, мемлекет қайраткерлері, еңбек адамдары мен қарапайым азаматтар ілікті.
Фототілшінің түсірген суреттері Қазақстанның қазіргі тарихының бір бөлігіне айналып, сол дәуірдің адамдары мен оқиғаларын кейінгі ұрпаққа жеткізетін құнды мұра болып қалды.
Юрий Беккердің кәсіби жолының елеулі бөлігі «Казахстанская правда» газетінің редакциясымен байланысты болды. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін редакцияда қызмет етіп, кәсібіне адал болды.
Әріптестері мен кәсіби орта өкілдері оны талантты фотожурналист, жауапкершілігі жоғары, принципшіл әрі кәсіби шеберлігі мол маман ретінде еске алады.



