Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Стримерлер мен блогерлердің жауапкершілігі күшейді: заң бұзғандарға айыппұл мен қамау

Қазақстанда әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерде балағат сөз айтқан стримерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылуда.

Стримерлер мен блогерлердің жауапкершілігі күшейді: заң бұзғандарға айыппұл мен қамау
Сурет: aikyn.kz

Әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерге мониторинг күшейіп, заң талаптарын бұзған бірқатар стример мен блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл — интернеттегі бейпіл сөздің шегі болуы керектігін көрсетеді. Тікелей эфирде сөйлейтін блогерлер мұны ескеруге міндетті.

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин хайп үшін заң бұзғандарды ашық жауапкершілікке тарту өзгелерге сабақ болып, қоғамда жаңа этика қалыптастыруға ықпал ететінін атап өткен. Қоғамдық мәдениет көшеде ғана емес, әлеуметтік желідегі әрекеттен де көрініс табуы тиіс.

Әлеуметтік желі — қоғамдық кеңістік

Бүгінде әлеуметтік желі тек ақпарат алмасу алаңы емес, миллиондаған адамның күнделікті қарым-қатынас жасайтын қоғамдық кеңістігіне айналды. Лайк, қаралым, жазылушы мен донат үшін кейбір қолданушылар әдеп пен құқық шегінен асып түсуде. Балағат сөз айту, қауіпті пранк жасау, тікелей эфирде оғаш әрекеттер көрсету — осының бәрі құқық қорғау органдарының назарында.

Ішкі істер министрлігінің 4 тамыздағы мәліметінше, Қазақстанда заң талаптарын бұзған 20-дан астам стример жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында тікелей эфирде балағат сөз айтқандар, әдепсіз әрекеттер көрсеткендер, қауіпті пранк ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлағандар бар. Мысалы, Шымкент тұрғыны TikTok эфирінде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, Талдықорған тұрғынына қайталанған құқық бұзушылығы үшін айыппұл салынды.

13 тамызда Ақтөбеде TikTok-тағы тікелей эфирде балағат сөз айтып, қорлайтын ым-ишаралар көрсеткен 26 жастағы тұрғын сот шешімімен 5 тәулікке қамалды. 17 тамызда Қостанайда Instagram желісіндегі бейнероликте балағат сөз қолданған азаматшаға 60 550 теңге айыппұл салынды. Шахтинск қаласында TikTok тікелей эфирінде балағат сөз айтып, әдепсіз қимыл көрсеткен тұрғынға сот 86 500 теңге айыппұл тағайындады. Бұл іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің құқыққа қайшы контентті орналастыру мен таратуға қатысты нормасы бойынша қаралған.

Заңгер пікірі: жазалау ғана емес, тәрбие маңызды

Осы оқиғалардан кейін әлеуметтік желідегі сөз еркіндігі мен жауапкершіліктің арақатынасы туралы сауалдар жиі қойыла бастады. Заңгер Абзал Құспанның пікірінше, балағат сөз үшін айыппұл салу — қоғамдық әдепті сақтаудың бір тетігі, бірақ жалғыз жолы емес. Әлеуметтік желі — заңнан тыс аймақ емес, ашық қоғамдық кеңістік, сондықтан әрбір сөз бен әрекет үшін жауапкершілік жоғары болуы керек.

Құспан қорлау әрекеті Қылмыстық кодекстің 131-бабында қарастырылғанын, бірақ кез келген балағат сөз автоматты түрде қорлау болып саналмайтынын атап өтті. Әрбір жағдай жеке қаралып, сөздің кімге бағытталғаны, қандай жағдайда айтылғаны, адамның ар-намысына қандай нұқсан келтіргені ескеріледі. Қажет болған жағдайда филологиялық және психологиялық сараптамалар жүргізіледі.

Жастар арасындағы агрессияны азайту үшін тек жазалау жеткіліксіз. Заңгердің айтуынша, былтыр «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң қабылданып, ол құқықбұзушылықтың алдын алудың жүйелі тетіктерін қалыптастыруға бағытталған. Ең маңыздысы — тәрбиені ерте жастан бастау: отбасынан бастап мектеп пен жоғары оқу орындарына дейін әдеп, өзара құрмет, жауапкершілік пен цифрлық мәдениет қалыптастырылуы керек. Ата-аналар баланың интернеттегі ортасына бей-жай қарамауы тиіс.

Заңгердің пікірінше, заң мен тәртіп — тек жазалау емес, адамның құқыққа, қоғамға және өзге адамның қадір-қасиетіне деген құрметі. Түпкі мақсат — жазадан қорыққандықтан емес, саналы түрде жауапкершілікпен қарайтын азамат қалыптастыру. Заң жауапкершіліктің шегін белгілесе, тәрбие сол шектен аспайтын мәдениетті қалыптастырады.

Абай айтқандай, адам баласын қор қылатын үш нәрсе — надандық, еріншектік және залымдық. Қоғам надандықтан арылуға күш салуы қажет. Айыппұл арқалағаннан арқа жауыр болмайды, адамдықты сақтау арқылы ғана айналамызды өзгерте аламыз.