Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

S&P Қазақстан банк секторының тәуекел бағасын жақсартты

S&P Global Ratings Қазақстанның банк секторындағы тәуекел бағасын жақсартып, бірқатар банктердің рейтингін көтерді.

S&P Қазақстан банк секторының тәуекел бағасын жақсартты
Сурет: baq.kz

S&P Global Ratings агенттігі Қазақстанның банк секторындағы елдік тәуекелдерді бағалау көрсеткішін (BICRA) жақсартты. «Салалық тәуекел» компонентінің бағасы «7»-ден «6»-ға көтерілді, ал «экономикалық тәуекел» бойынша болжам «тұрақтыдан» «оңға» өзгертілді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді.

Шешім 2026 жылғы 4 қыркүйекте қабылданып, елдің қаржы ұйымдарының рейтингтеріне әсер етті. S&P Bank ЦентрКредиттің ұзақ мерзімді рейтингін «BB+» деңгейіне көтерді, ал Freedom тобының еншілес құрылымдарының ұлттық шкаладағы рейтингтері «kzA»-ға дейін жоғарылады. Halyk Bank («BBB-»), Нурбанк («B») және Freedom холдингінің халықаралық рейтингтері бойынша болжам «оң» деңгейге қайта қаралды.

S&P сарапшыларының пікірінше, Қазақстанда жүргізіліп жатқан шаралар банк секторын қадағалау жүйесін нығайтып, экономикалық құлдырау кезеңдерінде қаржылық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде реттеу мен қадағалау жүйесі Өзбекстан, Қырғызстан, Армения және Әзербайжанға қарағанда тиімдірек деңгейге жеткен.

Рейтингтің жақсаруына бірнеше фактор әсер еткен: қаржы нарығын қадағалау сапасы, банктер қызметін тұрақты бақылау, капитал мен өтімділікке қойылатын талаптардың күшеюін мониторингтеу, есептіліктің ашықтығын арттыру және стресс-тестілеу. Сондай-ақ корпоративтік басқару мен киберқауіпсіздік, климаттық тәуекелдерге ерекше назар аударылуда.

Экономикалық тәуекел бойынша болжамның «оң» деңгейге өзгеруі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақтануы, инфляцияның баяулауы және банктер активтерінің сапасының жақсаруымен байланысты. Бұл елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен реттеу сапасына берілген халықаралық оң баға болып табылады.