Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Шымкентте «Таза қала» байқауы: үздік аула мен көшеге 500 мың теңгеге дейін сыйақы

Шымкентте «Таза қала» акциясы өтеді. Аудандық кезеңде 300 мың теңге, қалалық кезеңде 500 мың теңгеге дейін сыйақы беріледі.

Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі «Таза қала» атты жаңа жобаны жүзеге асыруда. Бұл бастама қала тұрғындарын туған қаласының тазалығы мен көркеюіне атсалысуға шақырады.

Акция 2026 жылдың маусым-желтоқсан айлары аралығында өтіп, қаланың барлық бес ауданын қамтиды. Байқау екі кезеңнен тұрады: алдымен аудандық, одан кейін қалалық кезең. Аудандық кезеңде «Үздік аула», «Үздік көше» және «Үздік көпқабатты тұрғын үй» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады. Әр аудандағы әр номинация жеңімпазына 300 мың теңгеден ақшалай сыйақы беріледі.

Аудандық кезеңнің үздіктері қалалық кезеңде «Үздік аула сыпырушысы», «Үздік аула», «Үздік көше» және «Үздік көпқабатты тұрғын үй» номинациялары бойынша бақ сынайды. Қалалық кезеңде жеңімпаздарға I орынға – 500 мың, II орынға – 250 мың, III орынға 125 мың теңге көлемінде сыйақы қарастырылған.

Акцияның басты ерекшелігі – жүлде қаражатының аумақтарды одан әрі абаттандыруға бағытталуы. Жеңімпаздар қаражатты көгалдандыру, гүлзарлар жасау, қоқыс жәшіктерін орнату және басқа да экологиялық бастамаларға жұмсайды. Байқаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы комиссия мен аудандық жұмыс топтары құрылып, атқарылған жұмыстарға мониторинг жүргізіледі.

Сонымен қатар акция аясында тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Тақырыптық бейнероликтер мен материалдар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланып, қаладағы LED-экрандарда әлеуметтік жарнамалар көрсетіледі.