Сот Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруға шешім шығарды
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Ол жазасын ерекше қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Үкімді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жариялады.
28 жастағы Ш.Аймахан Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп танылды: аса қатыгездікпен кісі өлтіру, сталкинг және некеге мәжбүрлеу. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте қанды оқиға орын алып, күдікке ілінген азамат екі күннен соң табылған болатын. Шерхан бірнеше күн бойы қызды үйінің жанында күтіп, содан кейін оған 35 пышақ жарақатын салған. Бойжеткен оқиға орнында қайтыс болды.
Тергеу анықтағандай, кісі өлтіруге қызды ұзақ уақыт қудалау себеп болған. Қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын Шерхан Нұрайды мәжбүрлі некеге тұру мақсатында Алматыдан Шымкентке алып келген.
Кісі өлтіруден кейін ІІМ полиция қызметкерлерінің қарауына қатысты жеке қылмыстық іс қозғады. Олар бұған дейін қыздың некеге мәжбүрлеу туралы арызын тіркеу бойынша тиісті шараларды қабылдамаған.




