Шымкентте Қайрат Нұртас концертінде 18 жастағы қыз жарақат алды
Шымкентте әнші Қайрат Нұртастың концерті кезінде 18 жастағы қыздың жарақат алуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Оқиға Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда болған. Адамдардың көп жиналуынан концертке келген қыздардың бірі зардап шеккен.
– Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Адамдардың көп жиналуына байланысты келушілердің бірі зардап шекті. Қыз медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында, – деп хабарлады полиция.
Оқиғадан кейін концертті ұйымдастырушылар полицияға жеткізілген. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
– Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Ұйымдастырушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады, – делінген ведомство хабарламасында.
Әзірге зардап шеккен қыздың қандай жарақат алғаны және денсаулық жағдайы туралы толық мәлімет жарияланған жоқ.




