Шымкенттегі Қаратау ауданының инфрақұрылымы қалай жаңғырып жатыр
Шымкенттегі Қаратау ауданында ауызсумен қамту 99 пайызға жетті, газдандыру, кәріз жүйесі және жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Шымкент қаласындағы Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте аудандағы инфрақұрылымдық жұмыстардың барысын баяндады. Оның айтуынша, негізгі мақсат – елді мекендерді инженерлік желілермен қамту ғана емес, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы экологиялық орта қалыптастыру.

Қаратау ауданының аумағы 19,5 мың гектарды құрайды. Мұнда 19 елді мекен, 896 көше, 32 мыңнан астам жеке тұрғын үй мен 668 көпқабатты үй бар. Сонымен қатар 281 әлеуметтік нысан мен 37 демалыс орны орналасқан. Мұндай ауқымды аумақты сапалы коммуналдық инфрақұрылыммен қамту жүйелі жоспарлауды қажет етеді.

Ауданда ауызсумен қамту деңгейі 99 пайызға жеткен. Дегенмен жаңа құрылыс аумақтарының пайда болуына байланысты су желілерін кеңейту қажеттілігі сақталуда. Достық тұрғын алабындағы «Теміржолсу Арыс» ЖШС-ға тиесілі ауызсу жүйелері мемлекет меншігіне қабылданды. Шапырашты тұрғын алабындағы су жүйелерін коммуналдық меншікке өткізу жұмыстары жүргізілуде. Таскен, Сайрам тұрғын алаптары мен Гидрогеолог шағынауданының жаңа құрылыс аумақтарын мемлекеттік ауызсу жүйесіне қосу бойынша жобалау жұмыстары қолға алынған.

Газдандыру бағытында да жұмыстар жалғасуда. Халық саны мен тұрғын үй қоры ұлғайған сайын газ желілерін кезең-кезеңімен кеңейту, жаңа елді мекендер мен шағынаудандарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту көзделген. Электр энергиясымен қамту көрсеткіші 99 пайызды құрайды. Мәртөбе және Сайрам тұрғын алаптарында 12,3 шақырым электр желісін ауыстыру және 7 трансформатор орнату жоспарланған. Қазір оның 9 шақырым желісі жаңартылып, 6 трансформатор орнатылған.
Орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 46 пайызды құрайды. Мирас-1 және Мирас-2 шағынаудандарында орталық кәріз жүйесін тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл – қоршаған ортаны қорғау, жерасты суларының ластануына жол бермеу және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды.
Санитарлық тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Биыл аудан аумағында қосымша 10 гүлзар салу жоспарланып, оның бесеуі аяқталған. Жол инфрақұрылымын жаңғырту аясында биыл 132 көше мен өткелге асфальт төсеу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 48-інде жұмыс аяқталған. Сегіз елді мекенде жалпы ұзындығы 27 шақырым аяқжол салу көзделген. Бүгінде 22,5 шақырым тротуар пайдалануға берілді. Жауын-шашын кезінде су жиналатын аумақтарда 22 ирригациялық нысан салу жоспарланып, оның 14-і аяқталған.




