Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Шымкентте 665 жұмысшының еңбек құқығы қалпына келтірілді

Шымкентте аппараттық кеңес өтіп, еңбек заңнамасының сақталуы, жол жұмыстарының сапасы және заңсыз саудаға қарсы күрес мәселелері қаралды.

Шымкентте 665 жұмысшының еңбек құқығы қалпына келтірілді

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте бірқатар өзекті мәселе қаралды. Жиында еңбек заңнамасының сақталуына мониторинг, жол жұмыстарының сапасы, мердігерлердің кепілдік міндеттемелерді орындауы, сондай-ақ рұқсат етілмеген саудамен күрес шаралары талқыланды.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті қалалық департаментінің басшысы Жеңіс Мақұлбаевтың мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жарты жылдығында департаментке еңбек құқықтарына қатысты 1 829 өтініш түскен. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 665 жұмысшының құқығы қалпына келтірілген.

Есепті кезеңде 238 тексеру жүргізіліп, еңбек заңнамасының 226 бұзу фактісі анықталған. Жұмысшылардың пайдасына 754,3 млн теңге жалақы берешегі өндіріліп, 2 824 адамның құқығы қорғалған.

Сонымен қатар, жазғы демалыс уақытында полиция қызметкерлерімен бірлескен профилактикалық рейдтер ұйымдастырылуда. Осы шаралар аясында 72 кәсіпкерлік субъектісі тексеріліп, кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын бұзудың 8 фактісі анықталған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 747,7 шақырымды құрайтын 360 көше-жол желісі бойынша кепілдік міндеттемелер қолданылуда.

2026 жылы жолдарды тексеру нәтижесінде мердігер ұйымдарға ақауларды жою туралы 26 ресми талап жолданған. Оның 25-інде қалпына келтіру жұмыстары аяқталған, ал бір нысан бойынша сот процесі жүргізілуде.

2025 жылы жолдарды күтіп-ұстау барысында 140 көшеге тегістеу қабаты төселген. Оның 11-інде ақаулар табылған. 6 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталса, 5 көшеде жұмыс жалғасуда.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Тұрманов жыл басынан бері аудан әкімдіктерімен бірлесіп 102 заңсыз орнатылған дүңгіршек анықталғанын хабарлады. Олардың иелерімен түсіндіру жұмысы жүргізіліп, барлық нысан демонтаждалған.

Белгіленбеген орындарда сауда жасаудың 7 634 фактісі тіркелген. Оның 6 964 жағдайы бойынша ескерту беріліп, 654 жағдайда жалпы сомасы 17,8 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған.

Рұқсат етілмеген сауданың негізгі ошақтары «Қырғы базар» және «Авто-Нұр» базарларының маңындағы аумақтар болып отыр. Бұл жерлерде заңсыз саудамен 60 адам айналысады. Ретсіз сауданы анықтау және оған тосқауыл қою жұмысы тұрақты жалғасады.

Кеңесті қорытындылаған қала әкімі жауапты басшыларға еңбек заңнамасының сақталуын, жол жұмысының сапасын және кепілдік міндеттемелердің орындалуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ рұқсат етілмеген саудаға тосқауыл қою жұмысын жалғастыруды тапсырды.