Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Шығармашылық білімге 1747 грант бөлінді

Биыл шығармашылық мамандықтарға 1747 грант бөлініп, бұл былтырғыдан 10 пайызға артық. Жаңа бағдарламалар мен өңірлік өкілдіктер ашылды.

Шығармашылық білімге 1747 грант бөлінді
Сурет: aikyn.kz

Биылғы оқу жылында шығармашылық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыспен 1747 грант бөлінді. Бұл былтырғыдан 10 пайызға артық. Сонымен қатар, маман даярлау бағыттары кеңейіп, Солтүстік Қазақстан облысындағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің жаңа өкілдігіне қосымша гранттар қарастырылған.

Биыл шығармашылық білім беретін оқу орындарында екі жаңа бағдарлама іске қосылды. Қазақ ұлттық өнер университетінде тұңғыш рет «Инклюзивті театр әртісі» мамандығы бойынша студенттер қабылданса, Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде эстрада әртістерін даярлау басталды.

«Инклюзивті театр әртісі» бағдарламасына Астана қаласының әкімдігі 26 грант бөлді. Ал эстрада-цирк колледжіндегі жаңа бағдарламаға 13 оқушы қабылданды.

Өңірлерде де шығармашылық білім алу мүмкіндігі артып келеді. Солтүстік Қазақстан облысында Қазақ ұлттық өнер университеті өкілдігінің ашылуына орай мемлекеттік тапсырыс бойынша 100 грант бөлінді.

Жаңа оқу жылындағы қабылдау қорытындысы бойынша талапкерлер режиссура, театр және музыка өнері бағыттарын жиі таңдаған. Сондай-ақ арт-менеджмент, өнертану, дизайн, аудиовизуалды өндіріс, кино және телевизия, сценография мамандықтарына сұраныс жоғары екені байқалған.

Гранттар бакалавриат, магистратура, докторантура, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын қамтиды. Қазір мәдениет және өнер саласындағы білім беру ұйымдарында 11 мыңнан астам адам білім алып жүр. Төрт жоғары оқу орны мен жеті колледжде 223 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады.