Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
16 қазан 2026, жұма USD 454,1 EUR 509,2 RUB 5,41 CNY 67,9 Астана +7° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

ШОБ Қазақстандағы жұмыспен қамтудың жартысын қамтамасыз етті

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, ШОБ секторында 4,5 миллионнан астам адам жұмыспен қамтылған, бұл елдегі барлық жұмыскерлердің 48,6%-ы.

ШОБ Қазақстандағы жұмыспен қамтудың жартысын қамтамасыз етті
Сурет: aikyn.kz

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шағын және орта бизнес секторында 4 527 381 адам еңбек етеді. Бұл елдегі барлық жұмыспен қамтылған халықтың 48,6%-ын құрайды. Соңғы жеті жылда аталған сектордағы жұмыс орындарының саны 36,7%-ға артқан: 2018 жылы көрсеткіш 3,3 миллион болған.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпорындардың саны 63,5%-ға өсіп, 2,2 миллион бірлікке жетті. Өнім шығару көлемі 3,2 есе ұлғайып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық 104,8 триллион теңгені құрады.

Кәсіпорындар саны бойынша сауда саласы көш бастап тұр – 35%. Дегенмен бизнесті кеңейту кезінде жаңа жұмыс орындарын ашудың ең үлкен әлеуеті өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және агроөңдеу салаларында байқалады. Секторда әйелдер маңызды рөл атқарады: олар барлық ШОБ субъектілерінің 48,1%-ын басқарады, оның ішінде жеке кәсіпкерлер арасында 52,6%, заңды тұлғалар арасында 28,1%.

Жеті жыл ішінде бизнесті дамытуға 10,2 триллион теңге бағытталды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеңілдетілген кредиттеу, субсидиялау және кепілдік беру құралдары 2019-2026 жылдар аралығында жалпы кредит сомасы 10,2 триллион теңгеге 176 716 бизнес жобаны қамтыды.

2025 жылғы маусымда «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Онда банк капиталының үлесі қаржыландырудың жалпы көлемінің жартысынан асады. 2025 жылғы сәуірден бастап «Даму» қорының базасында ШОБ және ірі инвестициялық жобалар үшін екі жаңа кепілдік қоры табысты жұмыс істеп келеді. Ал 2025 жылғы желтоқсанда өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, ауылдар мен шағын қалаларда микро және шағын бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы басталды.

Жергілікті жерлерде жеке бизнесті ынталандыру мақсатында шағын қалалар мен ауылдарды дамытуға арналған «Іскер аймақ» ұзақ мерзімді бағдарламасы іске қосылды. 2029 жылға дейін бағдарлама жалпы сомасы 1,2 триллион теңгеге 15 мыңға жуық бизнес-жобаны қолдайды. Бағдарлама агроөнімдерді қайта өңдеуге, азық-түлік, жиһаз, құрылыс материалдарын өндіруге және қолөнерге бағытталған. Республикалық деңгейде бизнес-бастамаларға «таза парақтан» тетіктері және «Өрлеу» жеңілдікті кредиттеу бағдарламасы қолдау көрсетеді. Басым секторлар үшін (өңдеуші өнеркәсіп, IT, туризм, креативті индустрия және логистика) жылдық 12,6%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша 7 миллиард теңгеге дейінгі қаржыландыру лимиттері белгіленген.