Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады
Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймаханға қатысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Прокурордың мәлімдеуінше, сотталушының жазасын жеңілдететін ешқандай мән-жай анықталмаған. Сондай-ақ айыптаушы Нұрай Серікбайдың Аймаханға өкпесі жоқ екенін айтқан бейнежазбаны дәлел ретінде ескермеуді өтінді. Оның айтуынша, сараптама қорытындысы бойынша қыздың бейнежазбадағы сөзі алдын ала жаттатылған.
«Жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын», – деді прокурор.
Нұрай Серікбай 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, Шерхан Аймахан оған бірнеше рет пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін күдікті қала маңында ұсталған.




