Шәмші Қалдаяқовтың әндері Астана көшелерінде шырқалды
Астанада Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай әртістер оның әндерін қала кеңістігінде орындап, ерекше перформанс ұйымдастырды.
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермендер театрының әртістері композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай оның әндерін қала кеңістігінде орындап, көрерменге тарту етті. Бұл перформанс елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше сый болды.

Жас өнерпаздар композитордың «Арыс жағасында», «Сағынышым менің», «Бақыт құшағында», «Ана туралы жыр», «Құшақ жайған қандай адам», «Жан құрбым» және «Қайықта» сынды танымал шығармаларын орындады. Музыкалық қойылымның ерекшелігі – оның дәстүрлі сахнада емес, қала кеңістігінде ұйымдастырылуында.

Өнерпаздар Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары орындалатын пианино инсталляциясының жанына жайғасып, өнер көрсетті. Осылайша, әдеттегі сахналық қойылымнан тыс форматта өткен перформанс музыка мен елорда тұрғындарын және қонақтарын бір арнаға тоғыстырды.

Бұл жас өнерпаздарға Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын бүгінгі көрерменге жаңаша танытып, композитордың мол мұрасын заманауи форматта жеткізуге мүмкіндік берді. Музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемиров атап өткендей, Шәмшінің әндері ұрпақты ұйыстырады.

«Шәмшінің әндері ұрпақты ұйыстырады. Оның әндерін әр жастағы адам біледі, сүйіп тыңдайды. Біз үшін бұл шығармалардың сахнадан ғана емес, қала кеңістігінде де шырқалып, Астананың күнделікті тыныс-тіршілігінің бір бөлшегіне айналуы маңызды», – деді ол.
Сонымен қатар елордадағы музыкалық қойылымдар бірнеше алаңда – «Бәйтерек» монументі маңында және Арбатта ұйымдастырылды.




