Сергей Емельянов әлем чемпионатында жетінші орынға тұрақтады
Қазақстандық спортшы Сергей Емельянов Познаньдағы әлем чемпионатында бірлік-каноэде 200 метрге есуде жетінші орын алды.
Польшаның Познань қаласында өтіп жатқан байдарка мен каноэде есуден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілі Сергей Емельянов финалдық жарыста бақ сынады.
Қазақстандық спортшы бірлік-каноэде 200 метрлік қашықтықтағы шешуші жарысқа жолдама алған болатын. Финалда ол 42.06 секунд нәтижесімен мәреге жетіп, жетінші орынға ие болды.
Алтын медальды 40.95 секунд көрсеткішімен Польша өкілі Алексей Колядич жеңіп алды. Екінші орынды 41.05 секунд нәтижесімен өзбекстандық Артур Гулиев иеленсе, үздік үштікті 41.15 секунд көрсеткішімен Беларусь спортшысы Андрей Жолобов түйіндеді.
Ертең, 29 тамызда Қазақстан спортшылары қатысатын тағы екі финал өтеді. Мария Бровкова бірлік-каноэде 500 метрлік қашықтықта жүлде үшін таласқа түседі. Ал екілік-каноэде 200 метрлік жарыстың финалында Мария Бровкова мен Ульяна Киселева өнер көрсетеді.




