Семейде Мёрдок университетінің филиалы ашылуы мүмкін
Шәкәрім университеті мен Мёрдок университеті Семейде филиал ашу мүмкіндігін талқылап, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Шәкәрім университеті мен Аустралияның Мёрдок университеті стратегиялық әріптестікті кеңейту және Семейде филиал ашу мәселесін талқылады.
Кездесуге Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков, проректор Ерасыл Дулатбай, Мёрдок университетінің өкілдері Саймон Джон МакКирди, Питер Мостин Дэвис және Мохамед Абдулхалек Мохамед Ба қатысты.
Тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат академиялық және ғылыми ынтымақтастықты, бірлескен білім беру бағдарламаларын, академиялық ұтқырлықты және сарапшылар алмасуды дамытуды көздейді.
Негізгі тақырып – Мёрдок университетінің филиалын Шәкәрім университеті базасында ашу. Тараптар филиалдың жұмыс істеу моделін, кадр даярлау бағыттарын және инфрақұрылымдық мәселелерді қарастырды.
Абай облысының дамуына баса назар аударылды: жоғары білікті мамандар даярлау, ғылыми әлеуетті арттыру және халықаралық тәжірибені енгізу.
Филиал ашу Қазақстан мен Аустралия арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, озық тәжірибе трансферіне және өңірдегі білім мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Кездесу соңында тараптар бірлескен жобаларды дамытуды және филиал ашу мәселесін одан әрі пысықтауды жалғастыруға келісті.




