Сайрамда ірі мал биржасының құрылысы басталды
Түркістан облысының Сайрам ауданында мал биржасының құрылысы басталды. Бұл жобаны RED GOLD серіктестігі заманауи технологиялық шешімдер мен халықаралық стандарттарды қолдана отырып жүзеге асыруда.
Жабдықтар мен материалдардың 30 пайызы Аустралиядан жеткізілсе, металл конструкциялардың 70 пайызын түркиялық Agro Fine компаниясы қамтамасыз етеді.
Жоба үшін 24 гектар жер бөлініп, қазіргі уақытта құрылыс алаңында іргетас қалау жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Құрылысты 2026-2027 жылдары пайдалануға беру жоспарлануда.
Жаңа мал биржасы бір мезетте 5 мың басқа дейін ірі қара мал, 4 мың жылқы және 10 мың басқа дейін ұсақ мал қабылдауға есептелген.
Ауыл шаруашылығы жануарларын саудалауға арналған заманауи алаң мал өткізудің ашық әрі жүйелі жүйесін қалыптастырып, өткізу нарықтарының географиясын кеңейтіп, өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін арттырады.
Жоба Түркістан облысында мал шаруашылығын дамытуға және агроөнеркәсіптік кешеннің заманауи инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған кезекті нақты қадам болмақ.




