Сарыағаш теміржол вокзалы жаңғыртудан кейін қайта ашылды
Түркістан облысындағы Сарыағаш станциясының теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, жолаушыларға қызмет көрсетуді қайта бастады.

Жаңғырту барысында ғимараттың жолаушыларға арналған және қызметтік бөлмелері, инженерлік коммуникациялары, шатыры мен іргелес аумағы толық жаңартылды. Қасбет берік фиброцемент панельдерімен қапталса, цоколь қазақстандық гранит плиткаларымен әрленді. Ескі терезелер энергия үнемдейтін шыныпакеттері бар алюминий витраждарға ауыстырылды.

Ішкі бөлікте тозуға төзімді және жанбайтын материалдар қолданылып, еден мен төбе жаңартылды, инженерлік желілер толық ауыстырылды. Шатыр заманауи жылу оқшаулағыш материалдармен жабдықталды.
Қайта жаңғыртудан кейін вокзал заманауи жайлылық, қауіпсіздік және энергия тиімділігі талаптарына сай келеді.
Сарыағаш станциясы тәулігіне шамамен 255 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Алматы, Шу, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе және Қандыағаш бағыттарына, сондай-ақ Ресей мен Өзбекстан қалаларына қатынайтын 10 жолаушылар пойызы өтеді.




