Сақтандыру төлемдерінің қолма-қол ақшасыз нысанына көшу: заңнамаға өзгерістер енгізілді
Қазақстанда сақтандыру төлемдері қолма-қол ақшасыз нысанға көшіріледі.
Қаржы нарығын цифрландыру аясында заңнамаға сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібіне қатысты өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлайды.
Енді көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖМ) бойынша сақтандыру төлемдері тек қолма-қол ақшасыз нысанда, яғни пайда алушылардың банктік шоттарына қаражат аудару арқылы жүзеге асырылатын болады. Банктік аударымдар мен қаражатты есептеу шығыстарын сақтандыру ұйымы өз мойнына алады, бұл сақтандыру төлемін комиссия ұстамай, толық көлемде алуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын жетілдіру және цифрландыру, банкроттық, сондай-ақ мемлекеттік органдарды бағалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Заңның 25-бабына түзетулер енгізілді.
Бұл реформалар сақтандыру төлемдерінің ашықтығын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және Қазақстанның сақтандыру нарығында цифрлық сервистерді одан әрі дамытуға бағытталған. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшу шығындарды реттеудің айқын емес схемаларын болдырмауға мүмкіндік береді және тікелей зардап шеккен адамның қаражат алуына кепілдік береді.




