Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Румыниядағы АЭС Дунай суының тартылуына байланысты тоқтатылды

Румыниядағы АЭС Дунай суының тартылуына байланысты тоқтатылды
Сурет: baq.kz

Румынияның жалғыз атом электр станциясы «Чернавода» Дунай өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендеуіне байланысты уақытша жұмысын тоқтатты. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Станциядағы екі реактордың екіншісі, қуаты 706 МВт, 13 тамызда түске дейін электр желісінен ажыратылды. Алғашқы реактор шілде айында істен шығарылған еді. Станция директоры Ромео Уржанның айтуынша, алдағы 10 күнде АЭС-ті қайта іске қосу жоспарланбаған.

«Чернавода» АЭС-і елдегі электр энергиясының шамамен 20 пайызын өндіреді. Реакторларды салқындату үшін Дунай суы пайдаланылады, алайда өзендегі су деңгейінің төмендеуі станцияның қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуді қиындатып отыр.

Бұған дейін билік өзендегі су ағынын арттыру үшін тас тиелген баржаларды Дунайға түсірген болатын.

Дунайдағы су деңгейінің төмендеуі Венгрияға да әсер етуде. Елдегі Пакш атом электр станциясының жұмысына қауіп төніп тұр, дегенмен станция әзірге толық тоқтаған жоқ.

Сарапшылар су деңгейінің төмендеуін Еуропадағы ұзаққа созылған аптап ыстық пен құрғақшылықпен байланыстырады. Қуаңшылық гидроэнергетика өндірісіне кері әсерін тигізіп, өзен көлігінің жұмысына шектеу қойып отыр.

Сонымен қатар Еуропаның бірқатар елдерінде аптап ыстық пен құрғақшылық орман өрттерінің көбеюіне және ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіруде. Италия, Франция, Грекия, Испания және Ұлыбританияда жоғары температураға байланысты түрлі қауіп-қатерлер тіркелді.