Қызылордада Бағыбек Құндақбайұлының 100 жылдығына орай театр фестивалі өтеді
Қызылордада 19-24 қазан аралығында Бағыбек Құндақбайұлының 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXXІ республикалық фестивалі өтеді.
Қызылорда қаласы 19-24 қазан аралығында Қазақстан драма театрларының XXXІ республикалық фестивалін қабылдайды. Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Фестиваль қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілі, театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбайұлының 100 жылдығына арналады.
Фестивальді Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры ұйымдастырады. Сарапшылар кеңесінің шешімімен іріктеуден өткен 10 театр қатысады. Қойылымдарды Қазақстанның танымал театр сыншылары кіретін қазылар алқасы бағалайды.

Фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтарына мына театрлардың қойылымдарын тамашалауға мүмкіндік беріледі:
- І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, «Міржақып»;
- Б.Римова атындағы академиялық драма театры, Ш.Айтматов «Жәмилә»;
- С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театры, У.Шекспир «Макбет»;
- Атырау Жастар театры, М.Әуезов «Қаралы сұлу»;
- Ф.Достоевский атындағы мемлекеттік орыс драма театры, Ф.М.Достоевский «Қылмыс пен жаза»;
- Абай атындағы Абай облыстық қазақ музыкалық драма театры, Ж. Әлікен «Қарағай»;
- Ақмола облыстық орыс драма театры, М.Әуезов «Қараш асуындағы баллада»;
- Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры, А.В.Сухово-Кобылин «Іс №20/25»;
- Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры», М.Әуезов «Қарагөз»;
- Түркістан музыкалық–драма театры, Қ.Аманжол «Пейіш».
Қазылар алқасының құрамы: төрағасы – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Аманкелді Мұқан. Мүшелері: театртанушы, Өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс; Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Әмір-Темір Хұсейін Жүсіпұлы; театртанушы, өнертану кандидаты, профессор Зухра Исламбаева; Өнертану магистрі Алтынгүл Нұрбекова.
Фестиваль бағдарламасы бойынша қойылымдар 19-24 қазан күндері Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнасында өтеді. Мекенжайы: Қызылорда қ., Әйтеке би көшесі, 44А.




