Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
10 қазан 2026, сенбі USD 453,9 EUR 508,7 RUB 5,35 CNY 67,8 Астана +2° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Құрылтай жанынан ЖИ зертханасы іске қосылды

Құрылтай жанындағы зертхана заң жобаларын талдауға, деректерді саралауға арналған жасанды интеллект құралдарын сынақтан өткізеді.

Құрылтай жанынан ЖИ зертханасы іске қосылды
Сурет: aikyn.kz

Құрылтай депутаттарының жұмысына жасанды интеллект енгізілмек. Ол үшін арнайы зертхана ашылып, мамандар алдымен заңнамадағы қайшылықтарды анықтауға, заң жобаларын талдауға және заңнамалық өзгерістердің ықтимал салдарын бағалауға арналған құралдарды сынақтан өткізеді. Бұл технологияларды депутаттардың жұмысына енгізбес бұрын олардың дәлдігі, сенімділігі және заңнама талаптарына сәйкестігі жан-жақты тексеріледі. Сынақтан сәтті өткен құралдар e-Quryltai цифрлық жүйесіне кезең-кезеңімен енгізілмек.

Зертхана жұмысының тағы бір бағыты – деректерді талдау. Жасанды интеллект азаматтардың өтініштерін саралап, өңірлердегі өзекті мәселелерді анықтауға және оларды заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескеруге көмектеседі.

«Әділет» партиясы төрағасының цифрландыру жөніндегі орынбасары Қаныш Төлеушиннің айтуынша, зертхананың алғашқы жұмыс кезеңіне бес пилоттық жоба іріктелген.

– Әуелі балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі мен дербес деректерді қорғауға қатысты заң жобаларын талдауға басымдық береміз. Сондай-ақ депутаттық сауалдардағы мәліметтердің дұрыстығын тексеретін жасанды интеллект құралын сынақтан өткіземіз. Бұдан бөлек, заңнамалық өзгерістердің ықтимал салдарын бағалау әдістемесін әзірлеп, жасанды интеллектіні заң шығару ісінде қолдану талаптарын айқындаймыз, – деді ол.

Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева жасанды интеллектіні заң шығару ісінде қолдану үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Сондықтан жаңа технологиялар заңнамамен тікелей жұмыс істейтін мамандардың қатысуымен мұқият тексерілуге тиіс. Зертхана жұмысына заңгерлер, бағдарламашылар, ғалымдар мен салалық сарапшылар тартылды. Олар жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін, заңнама талаптарына сәйкестігін және іс жүзінде қолдану тиімділігін бағалайды.

Алдағы уақытта зертхананың техникалық мүмкіндіктерін кеңейту, заңнамалық дерекқорларды дамыту және ғылыми әрі сарапшылық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту көзделіп отыр. Пилоттық жобалардың нәтижелері жасанды интеллект құралдарын заң шығару ісіне одан әрі енгізуге және Құрылтайдың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға негіз болмақ.