Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Құрылтай төрағасы сайланды: Айбек Дәдебай басқарады

Қазақстан Құрылтайының алғашқы отырысында Айбек Дәдебай төраға болып сайланды. Отырыста орынбасарлар мен сегіз комитет төрағасы анықталды.

Құрылтай төрағасы сайланды: Айбек Дәдебай басқарады
Сурет: aikyn.kz

Бүгін Қазақстан Құрылтайының алғашқы отырысы өтіп, онда депутаттар ант беріп, жаңа спикерді тағайындады. Бес партияның 145 өкілі – «Әділет», «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және ЖСДП – жаңа органның құрамына енді.

Мемлекет басшысы Конституциялық заңның 11-бабына сәйкес төрағалыққа кандидат ұсынды. Жасырын дауыс беру нәтижесінде депутаттардың көпшілігі Айбек Дәдебайды қолдап, ол Құрылтай төрағасы болып сайланды.

Жаңа спикер барша депутаттарға сенім білдіргені үшін алғыс айтып, Президенттің алдағы жұмыс бағыттарын айқындағанын атап өтті. Ол реформалардың ауқымы байыпты шешімдер мен кәсіпқойлықты талап ететінін, әр заң мен шешімнің артында елдің дамуы, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру тұрғанын жеткізді.

Дәдебайдың сөзінше, жұмыстың негізіне жаңа Конституцияның құндылықтары мен қағидаттары жатуы тиіс. Ол Заң мен Тәртіп қоғамның мызғымас негізіне айналған Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыруды басты міндет деп санайды.

Сондай-ақ спикер халықтың сенімі депутаттық корпустың басты бағдары және нәтижелерді бағалаудың өлшемі болуға тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, Құрылтай елді жаңғыртуға серпін беретін, конструктивті диалогқа жол ашатын және заманауи сын-қатерлерге жауап ұсынатын алаңға айналады.

Отырыста төрағаның орынбасарлары да белгіленді: Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиева. Олардың кандидатуралары дауыс беруде қолдау тапты.

Құрылтайда сегіз тұрақты комитет құрылып, олардың төрағалары сайланды. Конституциялық заңның 36-бабына сәйкес бір комитетті оппозиция өкілі басқарады. Серік Егізбаев Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетін басқарса, Үнзила Шапақ Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы атанды.

Марат Қожаев Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін, Әмірбек Оспанбеков Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетін басқарады. Асхат Аймағамбетов Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің, Ольга Перепечина Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып сайланды. Дархан Ахмедиев Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетін, ал Наталья Годунова Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетін басқарады.