Құрылтай Бюросы жасанды интеллект, көші-қон және энергетика мәселелерін талқылады
Құрылтай Бюросы жасанды интеллект, көші-қон және энергетика мәселелерін талқылады.
АСТАНА. Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай Бюро отырысын өткізіп, онда Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, заң шығару қызметіндегі негізгі басымдықтар және Құрылтай регламентін дайындау мәселелері қарастырылды. Бұл туралы Құрылтайдың Telegram-парақшасында хабарланды.
Жиында қолданыстағы заңнаманы түгендеп, оны жаңа Конституцияға сәйкестендіру бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басымдықтармен қатар, өзекті әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси мәселелермен бірге бейінді комитеттердің жұмыс жоспарына енгізіледі.
Депутаттар жасанды интеллект пен цифрлық активтерді дамыту, көші-қон саясатын жетілдіру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және баламалы энергетиканы дамыту, онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеу секілді мәселелер бойынша жұмыс жүргізетін болады. Сондай-ақ алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарау жұмыстың жеке бағыты ретінде айқындалды.
Айбек Дәдебай парламенттік бақылаудың тиімділігін арттыру, депутаттардың халықпен тұрақты байланысын қамтамасыз ету және «E-Parliament» жүйесін жедел енгізу қажеттігін атап өтті.
Бюро отырысында Құрылтай Регламентінің жобасын әзірлеуге қатысты бірқатар міндет қойылды. Сонымен қатар Құрылтай Төрағасының орынбасарларына тұрақты комитеттерге жетекшілік ету міндеті бекітілді.




