Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
21 қазан 2026, сәрсенбі USD 450,7 EUR 505,0 RUB 5,45 CNY 67,5 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Құлсарыда 846 шаршы метрлік жаңа теміржол вокзалы ашылды

Құлсары қаласында 1970 жылдан бері пайдаланылған ескі ғимараттың орнына 846 шаршы метрлік жаңа теміржол вокзалы салтанатты түрде ашылды.

Құлсарыда 846 шаршы метрлік жаңа теміржол вокзалы ашылды
Сурет: aikyn.kz

Құлсары қаласында жаңа теміржол вокзалының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Елдос Нестай, қала әкімі Қадіржан Әдинов, «Исткомтранс» компаниясының бас директоры Алмас Абайделдинов және жергілікті тұрғындар қатысты.

Жаңа нысан 1970 жылдан бері қолданылып келген ескі ғимараттың орнына тұрғызылды. Бұрынғы вокзалдың ауданы 211 шаршы метр болса, жаңа кешен 846 шаршы метрге дейін ұлғайды, яғни шамамен төрт есе үлкейді. Бұл жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Елдос Нестай елімізде теміржол вокзалдарының инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Биыл жаңғырту жұмыстары 121 нысанды қамтиды.

«Құлсары – жолаушылар тасымалы үшін маңызды станциялардың бірі. Мұнда күн сайын 10 жолаушылар пойызы қатынайды, ал вокзал қызметін 300-ден астам адам пайдаланады. Сондықтан вокзал инфрақұрылымының сапасы жолаушылардың жайлылығы мен қолайлылығына тікелей әсер етеді. Жаңа вокзал жеке инвестициялар есебінен салынды. Бұл – бизнестің көлік инфрақұрылымын дамытуға және өңір тұрғындары үшін маңызды мәселелерді шешуге үлес қосуының жақсы үлгісі», – деді ол.

Жаңа ғимаратта жолаушыларға қажетті барлық жағдай қарастырылған: күту залдары, билет кассалары, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, жүк сақтау камерасы және санитарлық бөлмелер. Сондай-ақ халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген.

Вокзалдың іргелес аумағы абаттандырылып, перрон жабдықталған, автотұрақ қарастырылған, жарықтандыру және бейнебақылау жүйелері орнатылған.

Жаңа вокзалдың ашылуы Құлсары тұрғындары үшін маңызды оқиға әрі өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы елеулі қадам болды. Заманауи кешен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, сапарлардың жайлылығын қамтамасыз етуге және теміржол вокзалдарына қойылатын қазіргі заманғы талаптарға сай жағдай жасауға мүмкіндік береді.