Қазақстанның 16 өңірінде ауа райы қолайсыз болады
11 қыркүйекте Қазақстанның 16 өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі: нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл, қатты жел, тұман және шаңды дауыл болжанады.
11 қыркүйекте еліміздің 16 өңірінде ауа райы қолайсыз болады. «Қазгидромет» мәліметінше, бірқатар облыста нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі, ал кей өңірлерде қатты жел, тұман мен шаңды дауыл болжанады.
Қарағанды облысының батысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ пен дауыл болуы ықтимал. Жел екпіні кей аудандарда 15-20 м/с-қа жетеді. Ұлытау облысында да жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болады. Жезқазғанда таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.
Ақтөбе облысында жаңбыр мен найзағай, кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Қызылорда облысының батысы мен солтүстігінде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі ықтимал. Қостанай облысының бірқатар ауданында қатты жаңбыр, найзағай және бұршақ болжанады.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Жел екпіні кей жерлерде 25 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Ақмола облысында жаңбыр мен найзағайдан бөлек, бұршақ, дауыл және шаңды дауыл болады.
Маңғыстау мен Атырау облыстарының кей бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Батыс Қазақстан облысында түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал.
Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жел күшейеді. Түркістан облысының кей аудандарында жаңбыр, найзағай және шаңды дауыл күтіледі.
Алматы облысында күндіз ауа температурасы 35-36 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады. Қонаевта 35 градус ыстық болжанған.
Сонымен қатар еліміздің бірқатар өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.




