Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қазақстандық әйелдер жүктілік және босану бойынша төлемді мобильді қосымшадан рәсімдей алады

Қазақстандық әйелдер жүктілік және босану бойынша төлемді мобильді қосымшадан рәсімдей алады
Сурет: aikyn.kz

Қазақстандық әйелдер енді жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді үйден шықпай-ақ, мобильді қосымша арқылы рәсімдей алады. Бұл мүмкіндік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік қызметтерді цифрландыру және мемлекеттік көмекті қолжетімді ету жұмысы аясында жүзеге асырылды.

Бұған дейін болашақ аналарға төлем алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжат жинап, өтініш беруге тура келетін. Енді бұл қызметті онлайн алуға болады. Сонымен қатар өтінішті eGov.kz порталы арқылы да беру мүмкіндігі сақталған.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаевтың айтуынша, министрлік азаматтарға көрсетілетін қызметтерді жеңілдетуге басымдық береді. «Мемлекет көмекті азаматтарға барынша ыңғайлы әрі қолжетімді ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Басты мақсатымыз – қағазбастылықты азайтып, адамдардың мемлекеттік органдарға бару қажеттілігін қысқарту. Әсіресе жүкті әйелдер мен жас аналар үшін бұл өте маңызды. Күнделікті миллиондаған қазақстандық пайдаланатын мобильді қосымша арқылы қажетті қызметті алу – цифрландырудың нақты нәтижесі. Енді әлеуметтік қолдауды алу бұрынғыдан да оңай әрі жылдам бола түсті», – деді вице-министр.

Жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді қашықтан рәсімдеу мүмкіндігі толық іске қосылды. Жұмыс істейтін және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы әйелдер екінші деңгейлі банк қосымшасындағы «Гид» бөлімінен өтініш беру тәртібі көрсетілген қадамдық нұсқаулықпен таныса алады.

Бұл қызмет – әлеуметтік төлемдерді азаматтардың өтінішін күтпей, алдын ала тағайындауға мүмкіндік беретін проактивті қызметтерді дамыту бағытындағы маңызды қадам. Басты мақсат – мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдету, азаматтардың уақытын үнемдеу және әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдарға қажетті көмекті ыңғайлы, жылдам әрі уақтылы жеткізу.