Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
22 қазан 2026, бейсенбі USD 448,6 EUR 503,8 RUB 5,48 CNY 67,2 Астана +3° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қазақстанда тұңғыш рет ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығы басталды

Қазақстанда алғаш рет ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығы өтіп жатыр. Іс-шараға 62 елден өкілдер қатысуда, АҚШ ИКАО бағдарламасына қаржылық қолдау жариялады.

Қазақстанда тұңғыш рет ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығы басталды
Сурет: aikyn.kz

Қазақстан астанасында халықаралық авиациялық қауіпсіздікке арналған ICAO Aviation Security Week 2026 іс-шарасы ашылды. Бұл жиын елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр және Қазақстанның ИКАО-мен ынтымақтастығының жоғары деңгейін көрсетеді. Халықаралық талаптарды тиімді іске асыру көрсеткіші 95,7%-ды құрайды, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемнің жетекші 20 мемлекетінің қатарында.

Ашылу салтанатына Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар қатысты. Министр өз сөзінде: «Азаматтық авиацияны дамыту халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды талап етеді. Біз халықаралық әуе бағыттарының желісін жүйелі түрде кеңейтіп келеміз. Авиация саласының болашағына сеніміміз зор. Қазіргі уақытта сала қарқынды даму кезеңінде: соңғы алты жылда алты есе өсім байқалды. Мемлекет саланы дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырады. Барлық қатысушыға жемісті жұмыс, пайдалы пікірталастар және ICAO Aviation Security Week 2026 іс-шарасының табысты өтуін тілеймін», – деді.

ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар авиациялық қауіпсіздіктің барлық деңгейін нығайту және әрбір рейстің қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз ету үшін барлау деректерімен және басқа да маңызды ақпаратпен алмасуды қамтамасыз ететінін айтты.

Апталықтың бірінші күні мемлекеттер мен серіктестердің жаһандық авиациялық қауіпсіздікті нығайтуға қолдауын көрсететін серіктестік пен міндеттемелерді растау рәсімі өтті. Рәсім барысында Америка Құрама Штаттары ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік бағдарламасына қаржылық қолдау көрсету ниетін жариялады. Сонымен қатар ИКАО мен Астана халықаралық әуежайы басқарушылық қызметтер көрсету туралы келісімге (Management Service Agreement) қол қойды.

Іс-шараға әлемнің 62 елінен авиациялық билік органдарының, реттеуші мекемелердің, халықаралық ұйымдардың, әуежайлардың, авиакомпаниялардың және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері қатысуда. Қатысушылар қатарында Бразилия, Венгрия, Италия, Канада, Біріккен Араб Әмірліктері, Португалия, АҚШ, Таиланд, Франция, Эфиопия және басқа да мемлекеттердің өкілдері бар.

Үш күнге жалғасатын жиында жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін дамытудың негізгі сын-қатерлері мен перспективалары талқыланады. Сессияларда кейінгі 25 жылдағы әлемдік авиациялық қауіпсіздік жүйесінің жай-күйі, электрондық коммерцияның қарқынды дамуы жағдайында әуе жүктері мен пошта тасымалдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қарулы қақтығыс аймақтарының үстінен және оларға жақын әуе кеңістігінде ұшуларды орындау мәселелері қарастырылады.

Іс-шара 22 қазанда «Астанадан жолдаулар» (Messages from Astana) атты қорытынды сессиямен аяқталады. ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығының Қазақстанда өткізілуі еліміздің халықаралық авиациялық қоғамдастықтағы рөлінің артып келе жатқанын және азаматтық авиацияның жаһандық қауіпсіздік жүйесін дамытуға қосып отырған үлесін айқындайды.