Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеді
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеді: пияз, картоп, алма және басқа тауарлар арзандады. Егжей-тегжейлі статистика.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 19 тамыздағы жағдай бойынша есепті аптада елімізде бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы түскен.
Апта ішінде пияз 4,9%-ға, картоп 4,1%-ға, алма 2,7%-ға, ақ қауданды қырыққабат 2,2%-ға, сәбіз 1,9%-ға, қияр 1,5%-ға, қой еті (сүйексіз) 0,6%-ға, қызанақ 0,4%-ға арзандаған.
Бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай нанының, қаймақтың, сары майдың және тұздың бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлік бөліністе бірқатар қалада дефляциялық динамика байқалды. Атап айтқанда, Қарағандыда баға 0,7%-ға, Көкшетау мен Өскеменде 0,5%-ға, Қонаевта 0,4%-ға, Жезқазған мен Талдықорғанда 0,3%-ға төмендеген. Астана, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Павлодар, Петропавл және Семей қалаларында баға алдыңғы апта деңгейінде сақталған.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы 1 килограмға 188 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында – 135 теңге. Картоптың орташа бағасы 1 килограмға 248 теңге, ең қолжетімді баға Павлодарда – 180 теңге, Түркістанда – 218 теңге. Алманың орташа бағасы 1 килограмға 776 теңге, ең төмен баға Шымкентте – 639 теңге.




