Президент «Самұрық-Қазынаның» 2027-2029 жылдарға арналған 21 трлн теңгелік жоспарымен танысты
Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасын қабылдап, қордың 2027-2029 жылдарға арналған 21 трлн теңгелік инвестициялық жоспарымен танысты.
Астанада Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қордың қызметі, негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің орындалуы, ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы жөніндегі есепті тыңдады.
Нұрлан Жақыповтың мәліметінше, 2026 жылы Қор 3,2 триллион теңгенің инвестициялық жобаларын түйіндеуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Мойынты – Қызылжар, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерін салу, Алтынкөл – Жетіген, Бейнеу – Маңғыстау теміржол учаскелерін жаңғырту, Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауытының құрылысы, Алматы екінші жылу электр орталығын жаңғырту, Түркістан облысында бу-газ қондырғысы мен гибридті электр станциясын салу жобалары бар. Сондай-ақ Астанадағы деректерді өңдеу орталығының құрылысы мен Каспий теңізінің табанына талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Президентке Қордың инвестициялық портфелі туралы ақпарат ұсынылды. Осы бағытта 2027-2029 жылдары энергетика, мұнай-газ секторы, көлік және цифрлық инфрақұрылым салалары бойынша 21 триллион теңгеге 38 жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Нұрлан Жақыпов Қордың әлеуметтік жобаларының орындалуы жайлы баяндады. Медициналық және әлеуметтік нысандар салуға басымдық беріліп, мүгедектігі бар балаларға арналған 55 орталық және 46 инклюзия кабинеті ашылған, спорттық және білім беру инфрақұрылымын дамытуға назар аударылып отыр.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қор жұмысының негізгі бағыттарына қатысты бірқатар міндет жүктеді. Бұған дейін Президент Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдаған еді.




