Президент мұғалімдерді қағазбастылық пен пайдасыз тексерістерден босатуды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді қағазбастылықтан босатуды, оқулықтардағы қателерді жоюды және жастарды оптимизмге тәрбиелеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы педагогтерді қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату қажеттігін айтты.
«Білім беру базасын жаңғырту қолға алынды. Яғни бүкіл мемлекеттік сервис пен қызмет біріктіріледі. Мұғалімдер уақыт алатын шаруадан арылады. Әсіресе, соңғысы өте маңызды. Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек», — деді Президент.
Сондай-ақ ол мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартуға жол берілмейтінін еске салды. «Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды», — деді ол.
Президенттің пікірінше, Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер басқармалары, ең алдымен, құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетілдірумен, оқу үдерісін тиімді ұйымдастырумен және білім беру бағдарламаларын мұқият саралаумен айналысуы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын оқу материалдарын қайта қарау жөнінде тапсырма берді. «Жақында Үкімет жұртшылыққа нәтижелі жұмыстың қорытындысын жариялады. Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес», — деді ол.
Сонымен қатар Президент жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажеттігін атап өтті. «Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы», — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылу керектігін де жеткізді. «Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды. Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс», — деді Президент.




