Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +7° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Президент қаржы нарығындағы 8 айлық қорытындыны тыңдады

Президент қаржы нарығындағы 8 айлық қорытындыны тыңдады
Сурет: aikyn.kz

Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Кездесуде биылғы сегіз айдағы қаржы нарығын реттеу мен дамыту нәтижелері және алдағы міндеттер талқыланды.

Мәдина Әбілқасымова банктер туралы жаңа заңды іске асыру барысында заңға тәуелді актілер базасы толық жаңартылғанын, 80 нормативтік-құқықтық акт қабылданғанын баяндады. Банк активтері 75,6 триллион теңгеге жетіп, 6,9 пайызға өскен, капитал жеткіліктілігі 20,7 пайызды құраған.

Агенттік қадағалау шаралары аясында 8 айда қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізілген. 190 қадағалау шарасы қолданылып, 465 миллион теңге айыппұл салынған. Микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығында 13 субъекті лицензиясынан айырылса, алтауының лицензиясы уақытша тоқтатылып, 4 коллекторлық агенттік тізілімнен шығарылған.

Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және экономиканы қаржыландыруды кеңейту шаралары туралы айтылды. Бизнеске берілген кредиттер 3,5 пайызға артып, 16 триллион теңгеге жеткен. Кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредит көлемі жыл басынан бері 19,1 пайызға өсіп, 12,5 триллион теңгені құраған. Реттеу шараларының нәтижесінде 7 айда тұтынушылық несие өсімі 4,6 пайызға дейін баяулаған.

Биыл шілдеден бастап мерзімі кешіктірілген берешекті ұжымдық реттеудің Finkelisimkz платформасы іске қосылған. Жыл соңына дейін азаматтардың арыз-шағымдарын қарау үшін Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі жұмыс істей бастайды.

Мемлекет басшысына Капитал нарығы мен сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын, сондай-ақ «Капитал нарығы туралы» және «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобаларын әзірлеу жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы баяндалды. Қаржы секторын цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу туралы ақпарат ұсынылды.

Агенттік жасанды интеллект технологиясына негізделген FinAI бірыңғай қадағалау платформасын құрған. Жыл соңына дейін Қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы әзірленеді, онда ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғаудың бірыңғай тәсілдері қарастырылады.

Президент қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, экономиканың нақты секторларын кредиттеуді арттыру, капитал мен сақтандыру нарығын дамыту жөнінде тапсырмалар берді.