Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясында 200 курсант ант берді
Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясында 200-ге жуық курсант Әскери ант қабылдады. Олардың арасында Тәжікстан мен Қырғызстаннан келгендер де бар.
Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының саптық алаңында 200-ге жуық бірінші курс курсанты әскери ант қабылдады. Бұл олардың офицерлік жолдағы алғашқы ресми қадамы болды.

Биыл оқу орнына 200-ге жуық жас қабылданса, оның жиырмадан астамы Тәжікстан мен Қырғызстаннан келген.

Салтанатты шарада болашақ офицерлерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бекайдар Қазкеев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, ардагерлер мен ата-аналар ізгі тілектерін білдірді.

– Бүгін сіздер Әскери ант қабылдап, үлкен қадам жасадыңыздар. Академияда алған білімдеріңіз бен дағдыларыңыз маңызды мемлекеттік нысандарды күзету, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін абыроймен орындауға көмектесетініне сенімдімін. Отанға адал, кәсіби офицер болуларыңызға тілектеспін, – деді генерал-майор Б. Қазкеев.

Ант беру рәсімінен кейін қонақтарға концерттік бағдарлама көрсетілді. Өнерпаздар мен Ұлттық ұланның әскери құрама оркестрі өнер көрсетті. Сондай-ақ әскери қызметшілердің саптық тәсілдері мен қаруды меңгеру шеберлігі көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Мереке курсанттардың карабиндермен дефилесімен аяқталды.

Академия – Қазақстанда құқықтық тәртіп әскерлеріне офицерлер даярлайтын жалғыз оқу орны. Мұнда сегіз мамандық бойынша білім беріледі. Сонымен қатар жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бағдарламалары да жүзеге асырылады. Ұлттық ұлан мен басқа күштік құрылымдардың офицерлері, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қайта даярлаудан өтеді. Биыл магистратураға офицер-тыңдаушылар үшінші рет қабылданды.

Ашылғаннан бері академия 26 түлек шығарған. Қазіргі уақытта 6 мыңнан астам түлек Ұлттық ұлан мен басқа да күштік құрылымдарда қызмет етуде.





