Павлодарда 8-қабаттан құлаған баланың жағдайы ауыр
Павлодарда 9 қыркүйекте 2022 жылы туған бала сегізінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап, ауыр жарақат алды.
Павлодар облысында жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына қатысты алты оқиға тіркелді. Соның бірі 9 қыркүйек күні сағат 21:00 шамасында болған.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2022 жылы туған бала сегізінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кеткен. Алдын ала болжам бойынша, бала балконға шығып, орындыққа көтерілген соң терезеден құлаған.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баланың дәрігерлер бақылауында екенін хабарлады. Оның жағдайы ауыр. Дәрігерлер басынан, денесінен және ішкі ағзаларынан көптеген жарақат анықтаған. Бала есін біледі.
ТЖД ата-аналарды балаларды терезесі ашық бөлмелерде және балкондарда қараусыз қалдырмауға шақырды. Сондай-ақ терезе маңына баланың көтерілуіне мүмкіндік беретін жиһаз бен басқа да заттарды қоймау, терезелерге арнайы блокаторлар мен қорғаныш құралдарын орнату қажеттігін ескертті.




