Панамада 7,2 балдық жер сілкінісі: ғимараттар қирап, цунами қаупі бар
Панамада магнитудасы 7,2 балдық жер сілкінісі болып, ғимараттар қирады, тұрғындар эвакуацияланды. Цунами қаупі сақталуда.
Панамада магнитудасы 7,2 балға жеткен жер сілкінісі болды. Бұл туралы La Prensa басылымы хабарлады. Сілкініс елдің басым бөлігінде сезілді.
Панама университетінің Геоғылымдар институтының алдын ала деректері бойынша, жер сілкінісінің ошағы Тоноси қаласынан батысқа қарай 39 шақырым жерде, 4 шақырым тереңдікте орналасқан. Алғашқы қуатты дүмпуден кейін шамамен 13 афтершок тіркелді. Олардың біреуінің магнитудасы 6,0 болды.
Кокле провинциясындағы Пенономе қаласында Сан-Хуан-Баутиста соборының бір бөлігі қирады. Сонымен қатар губернатор әкімшілігінің ғимараты мен Dos Continentes қонақүйіне зақым келді.
Жер сілкінісі Панама-Сити астанасының бірнеше ауданында, сондай-ақ Верагуас және Кокле провинцияларында тұрғындар арасында үрей туғызды. Елдің әртүрлі аймақтарында адамдар кәсіпорындардан, мектептерден және тұрғын үйлерден эвакуацияланды.
Панама Білім министрлігі ел бойынша түстен кейінгі сабақтарды уақытша тоқтатып, барлық әкімшілік кеңселерін жапты.
АҚШ-тың Цунами туралы ескерту қызметі Орталық Американың Тынық мұхиты жағалауының басым бөлігіне, сондай-ақ Колумбия мен Эквадорға цунами қаупі төнуі мүмкін екенін хабарлады.




