Отбасы құндылықтары апталығы басталды: алғашқы күн дәстүр мен заман сабақтастығына арналды
Қазақстанда отбасы құндылықтары апталығы басталды. Алғашқы күні дәстүр мен заман сабақтастығы талқыланып, түрлі іс-шаралар өтті.
«Отбасы: дәстүр мен бүгінгі заман сабақтастығы» тақырыбындағы апталықтың алғашқы күні өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап, Aikyn.kz хабарлайды.
Өңірлерде тақырып аясында танымдық іс-шаралар, зияткерлік ойындар мен кездесулер ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары мен жастарға арналған тақырыптық сынып сағаттары, интерактивті сабақтар және аға буын өкілдерімен кездесулер өтті.
Қатысушылар отбасындағы сыйластық, жауапкершілік, бала тәрбиесі, әулет тарихы мен дәстүрлерді сақтау жайында пікір алмасты. Сондай-ақ отбасы құндылықтарына арналған Smart Family зияткерлік ойыны өткізілді.
Жиындарда жастардың шаңырақ көтеруінің мәнін терең түсіндіруге басымдық берілді. Студенттер қаржылық сауаттылық, отбасындағы сыйластық, бала тәрбиесі және маңызды шешімдерді бірлесіп қабылдаудағы ашық әңгімелесудің маңызы туралы ой бөлісті.
Апталықтың алғашқы күні ұрпақтар сабақтастығын айшықтайтын «Үлкендердің батасы» дәстүрімен басталды. Отбасы күніне арналған апталық 13 қыркүйекке дейін жалғасады. Келесі күн «Отбасын саналы түрде құру» тақырыбына арналады.




