Отбасы апталығының екінші күні саналы отбасы құруға арналды
Қазақстанда Отбасы апталығының екінші күні саналы түрде шаңырақ көтеру тақырыбына арналды. Өңірлерде түрлі іс-шаралар өтті.
Қазақстанда Отбасы күніне орай өтіп жатқан апталық жалғасуда. Екінші күн «Саналы түрде шаңырақ көтеру» тақырыбына арналып, жастардың өмірлік жолдасын таңдауға, отбасын құруға және бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауына бағытталды.
Өңірлерде отбасылық спорт жарыстары, шығармашылық фестивальдер мен концерттер, форумдар мен пікірталас алаңдары, зияткерлік байқаулар және интерактивті шаралар ұйымдастырылды. Елдің барлық аймағындағы Отбасын қолдау орталықтарында некеге тұруды жоспарлап жүрген жұптарға арналған оқыту курстары өтті.
Қатысушылар ерлі-зайыптылардың заңмен бекітілген құқықтары мен міндеттерін, өзара құрмет пен серіктестік қағидаттарын, қаржылық және құқықтық сауаттылықты, эмоциялық интеллект, репродуктивті денсаулық пен отбасын жоспарлау мәселелерін талқылады. Жоғары оқу орындарында студенттерге «Салауатты қарым-қатынас қандай болуы керек?» тақырыбында дәрістер мен практикалық сабақтар өткізілді.
Бұл шараларға психологтар, заңгерлер, медицина қызметкерлері және Отбасын қолдау орталықтарының мамандары қатысты. Апталықтың келесі күні саналы ата-ана болу тақырыбына арналады.




