Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

ОСК төрағасы ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясымен қорытынды кездесу өткізді

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясымен қорытынды кездесу өткізіп, сайлау қорытындылары мен ұсынымдарды талқылады.

ОСК төрағасы ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясымен қорытынды кездесу өткізді
Сурет: aikyn.kz

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ ДИАҚБ Сайлауды байқау миссиясының мүшелерімен кездесу өткізді. Миссияны Винсент Пикет басқарды. Кездесу Құрылтай депутаттарын сайлауды байқау қорытындысына арналды.

Нұрлан Әбдіров миссия мүшелеріне қысқа және ұзақ мерзімді байқаушыларды жібергені үшін алғыс білдірді. Ол сайлау науқаны кезінде ОСК мүшелерінің байқаушылармен пікір алмасу мүмкіндігі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, комиссияның басты міндеті – дауыс беру күнін жоғары деңгейде ұйымдастыруды қамтамасыз ету болды.

Сурет: aikyn.kz

Кездесуде Миссияның аралық есебі мен сайлаудың алдын ала нәтижелері туралы мәлімдемесі талқыланды. ОСК төрағасы Құрылтайдың жаңа саяси институт екенін, сондықтан өткен сайлауды «мерзімінен бұрын өткізілген парламенттік сайлау» деп санауға болмайтынын айтты. Ол Президент сайлау туралы Жарлыққа қол қойған күн ашық конституциялық процестің соңғы құқықтық кезеңі болғанын, ал бір палаталы Парламентке көшу бастамасы алғаш рет 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауда ұсынылғанын еске салды.

Нұрлан Әбдіров сайлау процесіне қатысушыларды оқыту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, 71 270 сайлау комиссиясының мүшесін қамтыған 7 567 семинар өткізілді. Сондай-ақ саяси партиялар, БАҚ және қоғамдық ұйымдар өкілдеріне арналған 1 131 іс-шара ұйымдастырылып, оған 23 323 адам қатысты.

Сурет: aikyn.kz

ОСК төрағасы ақпараттық-түсіндіру науқанына, дербес деректерді қорғауға, мүгедектігі бар адамдар үшін учаскелердің қолжетімділігіне және байқаушыларға жағдай жасауға ерекше назар аударылғанын жеткізді. Ол байқау институтының маңыздылығын атап өтіп, аккредиттеуден бас тарту немесе куәліктерді қайтарып алу жағдайлары болмағанын, дауыс беру күні рәсімдік бұзушылықтар туралы бірде-бір акт жасалмағанын, ресми шағымдар түспегенін мәлімдеді. Дауыс беру күні 51 мыңнан астам ұлттық байқаушы, 7 003 сенім білдірілген өкіл, сондай-ақ 42 шет мемлекеттен және 13 халықаралық ұйымнан 777 халықаралық байқаушы жұмыс істеді.

Винсент Пикет өз кезегінде Қазақстан тарапына байқаушыларға жағдай жасағаны және ақпарат ұсынуға дайын болғаны үшін алғыс білдірді. Ол ОСК жұмысының тиімді әрі жоғары техникалық деңгейде орындалғанын мойындайтынын айтты. Пикет 70 мың сайлау комиссиясы қызметкерін каскадты оқытуға жұмсалған күш-жігерді атап өтіп, Миссияның Қорытынды есебіндегі ұсынымдарды зерделеу мүмкіндігі болатынына үміт білдірді.

ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның алдын ала есебінде сайлау науқаны қалыпты әрі ұйымдасқан түрде өткені, сайлау комиссияларының техникалық дайындықты кәсіби жүзеге асырғаны және заңдағы мерзімдерді сақтағаны атап өтілді. Кездесу соңында Нұрлан Әбдіров Қорытынды есептің маңызды құжат екенін, ондағы ұсынымдар ОСК жанындағы Сарапшылық кеңесте талқыланатынын жеткізді.