Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қазақстанда сақтандыру және зейнетақы жүйесі үшін Орталық актуарий құрылады

Қазақстанда сақтандыру нарығы мен зейнетақы жүйесі үшін тәуелсіз Орталық актуарий құрылады. Бұл бастама 2030 жылға дейінгі бағдарламаға енгізілген.

Қазақстанда сақтандыру және зейнетақы жүйесі үшін Орталық актуарий құрылады
Сурет: aikyn.kz

Қазақстанда сақтандыру нарығы мен зейнетақы жүйесіне актуарлық сараптама жүргізетін тәуелсіз мамандандырылған институт — Орталық актуарий құру жоспарлануда. Бұл бастама «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасына енгізілген. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк нарық қатысушыларымен және сарапшылармен бірлесіп әзірледі.

Қазіргі уақытта елімізде 69 лицензияланған актуарий жұмыс істейді. Сақтандыру нарығының дамуы, 17 ХҚЕС енгізілуі және тәуекелге бағдарланған реттеуге көшу сапалы және салыстырмалы актуарлық есептеулерге сұранысты арттырып отыр. Орталық актуарий нарықтағы актуарлық сараптаманың сапасы мен сенімділігін арттырып, тәуекелдер мен ұзақ мерзімді міндеттемелерді бағалаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастырады.

Сонымен қатар, жаңа институт міндетті сақтандыру сыныптары бойынша тарифтерді есептеуге және қайта қарауға қатысады. Бұл тәуекелдердің нақты деңгейі мен болашақ төлемдерді ескере отырып, экономикалық негізділік пен әділ баға белгілеуді қамтамасыз етеді.

Есептеулердің сапасын арттыру мақсатында иесіздендірілген деректердің бірыңғай салалық негізін құру жоспарлануда. Орталық актуарий жүйесі Бірыңғай сақтандыру дерекқорымен интеграцияланады, бұл тәуекелдерді, тарифтерді және сақтандыру міндеттемелерін бағалау үшін өзекті және салыстырмалы ақпаратты пайдалануға мүмкіндік береді.

Осы деректер негізінде жыл сайын тариф белгілеу, сақтандыру резервтері және сақтандыру мен зейнетақы секторларының ұзақ мерзімді тұрақтылығы мәселелері бойынша актуарлық есеп пен тәуелсіз талдау дайындалады.

Жеке бағыт — актуарий мамандығын дамыту. Орталық актуарий кәсіби стандарттарды әзірлеуге, білім беру бағдарламаларын қолдауға және актуарийлердің ұлттық тізілімін құруға қатысады. Мамандарды даярлау қызмет көрсетуден түскен кірістер есебінен қаржыландырылады.

Жаңа институт құру актуарлық сараптаманың сапасы мен тәуелсіздігін арттыруға, тарифтік шешімдердің негізділігін жақсартуға және сақтандыру мен зейнетақы жүйелерін ұзақ мерзімді дамыту үшін бірыңғай талдамалық негіз құруға мүмкіндік береді.