Оралда қаза тапқан құтқарушыларға арналған аллея ашылды
Оралда азаматтық қорғау органдарының 30 жылдығына орай қаза тапқан құтқарушыларға арналған мемориалдық аллея ашылды.
Орал қаласының орталығында қаза тапқан құтқарушыларды еске алуға арналған жаңа мемориалдық аллея бой көтерді. Бұл нысан азаматтық қорғау органдарының 30 жылдығына орай тұрғызылып, қаһармандарды ұлықтаумен қатар, қала тұрғындарына арналған абаттандырылған қоғамдық кеңістікке айналды.
Мемориалда қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысы азаматтық қорғау органдарының төрт қызметкері – Жарқын Фазылов, Ақан Нұрғалиев, Жангелді Сисеналиев және Ерлан Нұғмановтың есімдері мәңгілікке жазылды.

Аллеяның орналасқан жері де ерекше мәнге ие. 1865 жылы дәл осы Орал қаласында елдегі алғашқы өрт сөндіру бөлімі құрылған болатын. Осылайша, жаңа нысан алғашқы өрт сөндіру жасақтарынан бастап қазіргі құтқару қызметіне дейінгі тарихтың жалғасын көрсетеді. Аумағы 1,5 мың шаршы метрді құрайтын аллея толық абаттандырылды.
Ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев азаматтық қорғау жүйесін дамыту тек кәсіби мамандар даярлаумен шектелмейтінін, оның материалдық-техникалық базасын үнемі нығайту қажеттігін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құтқарушы мамандығын елдегі ең беделді кәсіптердің біріне айналдыру жөніндегі тапсырмасын еске салды.

– 2025-2026 жылдары саланы дамытуға және материалдық-техникалық базаны нығайтуға облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл – құтқарушыларымыздың қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қолдау, – деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, аллея құрылысы заманауи әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру жұмыстарының бір бөлігі болды. Қоғамдық кеңістікті абаттандыруға жергілікті бюджеттен 28 млн теңге жұмсалған. Қала орталығындағы қараусыз қалған аумақ енді бейбіт күннің батырларын еске алатын орынға айналды.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мұндай мемориалдық орындардың қоғамдық маңызы зор екенін жеткізді. Ол батырлардың есімі халық жадында мәңгі сақталуы тиіс екенін, олардың жанқиярлығы мен қызметтік борышқа адалдығы жас ұрпаққа үлгі болатынын айтты.
Орал қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Нұрсұлтан Серіков те аллеяның айрықша маңызын атап өтті. Ол елдегі алғашқы өрт сөндіру бөлімі дәл осы қалада құрылғанын, сондықтан мұндағы өрт сөндіру қызметінің тарихы терең тамырлы екенін жеткізді. Оның пікірінше, бұл орын тек демалыс аймағы ғана емес, ел қауіпсіздігі жолында қызмет еткен азаматтарға тағзым ететін кеңістікке айналады.




