Оралда 35 отбасы жаңа пәтер кілтін алды
Оралдағы «Ақжайық» шағынауданында 35 отбасы жаңа пәтер кілтін алды. Облыс әкімі тұрғын үймен қамту шаралары туралы айтып, биылғы жоспарларды бөлісті.
Орал қаласындағы «Ақжайық» шағынауданында 35 отбасыға жаңа пәтер кілттері табысталды. Бұл оқиға олар үшін ғана емес, көптен күткен жайлы өмірдің бастауы болды. Шағынауданда барлық инженерлік желілер тартылып, жақын арада қала орталығымен жаңа көпір арқылы байланысады. Сондай-ақ мұнда 60 әлеуметтік нысан, 70 көпқабатты тұрғын үй, төрт балабақша, үш мектеп, аурухана, перинаталдық орталық және 12 мың орындық стадион салу жоспарланған.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына облыста атқарылған жұмыстар туралы баяндағанын, Президент өңірді дамыту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты міндеттер қойғанын жеткізді.
2023 жылдан бері облыста 6,5 мыңға жуық жаңа пәтер пайдалануға берілген, оның жартысына жуығы ауылдық жерлерде. Биыл жалпы құны 42,2 млрд теңге болатын тағы 2 402 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оралда тұрғын үй кезегінде 27 мыңнан астам азамат тіркелген, сондықтан бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу қажеттігін әкім айтты.

– Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына 200 пәтер, сондай-ақ кредиттік негізде 1000 пәтер беру жоспарланып отыр. Бұл – тұрғын үйдің халық үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты қадамдар, – деді Нариман Төреғалиев.
71 жастағы зейнеткер Дина Қарасаева үшін жаңа пәтер кілтін алу – көп жылғы арманының орындалуы. Ол алғаш рет өзінің кең әрі жарық үш бөлмелі пәтерінің есігін ашып, көз жасын әрең ұстап тұр. Отбасы бұрын қала орталығында тұрған, бірақ 2008 жылы үй апатты деп танылып, олар туыстарының үйін паналап, уақытша баспана жалдауға мәжбүр болған.
– Біз бұл баспананы 18 жыл күттік. Осы уақыт ішінде қаншама қиындықты бастан өткердік… Туыстарымыздың үйінде тұрдық, пәтер жалдадық. Бүгін өз баспанамыз бар екеніне әлі де сене алмай тұрмын. Осы күнге жетуімізге көмектескен баршаңызға рақмет. Мұнда сондай жарық, кең әрі жайлы. Енді алаңсыз өмір сүруге болады, – дейді зейнеткер.
Өңір басшысы барлық жаңа қоныстанушыны құттықтап, оларға амандық, отбасылық бақыт пен береке тіледі. Жаңа баспана 35 отбасы үшін көптен күткен, талай қиындықтан кейін келген және ерекше қуанышты өзгерістердің символына айналды.




