Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қазақстанда нақты жалақы төмендеп, ЕАЭО-да жалғыз көрсеткішке айналды

Қазақстанда 2026 жылдың екінші тоқсанында орташа жалақы 448 588 теңге болды, бірақ инфляция 10,2% болғандықтан нақты жалақы 1,1% төмендеді.

Қазақстанда нақты жалақы төмендеп, ЕАЭО-да жалғыз көрсеткішке айналды
Сурет: aikyn.kz

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық номиналды жалақы 448 588 теңгеге жеткен. Ал жалдамалы қызметшілер бойынша бұл көрсеткіш 461 486 теңгені құрайды. Алайда медианалық жалақы 316 152 теңге болып, жалдамалы қызметкерлердің жартысы осы мөлшерден аз табыс тапқан. Орташа мен медианалық жалақының айырмасы 132 мың теңгеден асады, бұл жоғары табысты қызметкерлердің орташа көрсеткішті жоғары тартып отырғанын көрсетеді.

Экономист Марат Әбдірахмановтың шолуына сәйкес, биыл екінші тоқсанда жалдамалы қызметшілердің орташа айлық жалақысы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 2,5 пайызға төмендеген, ал былтырғы екінші тоқсанмен салыстырғанда 9,1 пайызға өскен. Бірақ инфляция қарқыны 10,2 пайыз болғандықтан, нақты табыс шамамен 1,1 пайызға кеміген. 2026 жылдың басынан бері жинақталған инфляцияны есепке алғанда, нақты табыстың төмендеуі одан да айқын көрінеді.

Еуразиялық экономикалық комиссияның деректері бойынша, 2026 жылдың қаңтар-маусымында Қазақстандағы орташа жалақы 480 461 теңге шамасында болған. Бір жылда ол номиналды түрде 10,3 пайызға өскен, бірақ инфляцияны есептегенде нақты жалақы 0,6 пайызға төмендеген. Осылайша Қазақстан ЕАЭО елдерінің ішінде нақты жалақысы төмендеген жалғыз мемлекет болып отыр. Арменияда нақты жалақы 0,9 пайызға, Беларусьте 7,5 пайызға, Ресейде 6,5 пайызға, ал Қырғызстанда 15,3 пайызға өскен. Номиналды мөлшер бойынша Қазақстан ЕАЭО-да үшінші орында.

Ұлттық статистика бюросының өнеркәсіп бойынша мәліметтеріне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында мұнайшылардың орташа айлық жалақысы шамамен 1,7 млн теңге болған. Бұл жалпы елдегі орташа жалақыдан бірнеше есе жоғары. Мұнайшылар өнеркәсіптегі жұмысшылардың небәрі 7,4 пайызын құрайды, алайда олардың үлесіне өнеркәсіптегі жалпы жалақы қорының 18,4 пайызы тиеді. Мұнай саласындағы жылдық жалақы қоры шамамен 2 млрд долларға бағаланады.

Мұнай сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, мәселені тек мұнай өндірісінің көлемімен немесе бюджетке түсетін салықпен бағалау жеткіліксіз. Ол шамамен он жыл бұрын жасаған салыстыруында Қазақстандағы мұнай компаниялары арасында жалақы деңгейі бойынша айтарлықтай айырмашылық болғанын айтады. Оның бағалауынша, сол кезде NCOC-тағы жалақы ТШО-дан жоғары болған, ал ең төменгі деңгей қытайлық компанияларда тіркелген. «ҚазМұнайГаз» ортаңғы позицияда. Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдай да түбегейлі өзгермеуі мүмкін.

Экономист Айдархан Құсайыновтың пікірінше, бизнесті субсидиялау, жеңілдік пен преференция кәсіпорынның пайдасын, яғни акционерлердің табысын қолдауға бағытталған. «Олар ешқашан тікелей жалақы өсіміне айналмайды, өйткені жұмысшылар нарыққа сай, яғни нарықтық жалақы деңгейінде жұмысқа қабылданады. Нарықтық жалақыны 9 миллиондық жұмыс күші және мемлекеттік қолдау алатын жүздеген мың, тіпті миллиондаған жұмыс беруші – жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындар қалыптастырады. Ал субсидияланатын кәсіпорындардағы жұмысшылардың саны ең көп дегенде бірнеше мың адам ғана. Бұл жалпы еңбек нарығымен салыстырғанда теңізге тамған тамшыдай», – дейді ол. Сондықтан оның сөзінше, бизнесті қолдауға және субсидиялауға бағытталған триллионның бәрі сол 500-1000 адамның қолында шоғырланады. Оның үстіне, сол субсидияға кететін қаражаттың өзін мемлекет барша қара халықтан жоғары ҚҚС арқылы және Ұлттық қорды пайдалану есебінен жинап алады.

Ұлттық қорға жиналған қаражат экономика мен бюджетке түрлі механизм арқылы бағытталып келеді. Бірақ қарапайым азамат үшін ең маңыздысы – миллиардтаған теңге Ұлттық қордан экономикаға құйылған кезде оның нәтижесі халықтың жалақысынан көріне ме? Егер нақты жалақы төмендеп, халықтың сатып алу қабілеті әлсіресе, онда бюджет пен Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың экономикалық әсері қайда кеткені туралы сұрақ туады.