Мөлдір Мұқанова зорлық құрбандарына арналған «Солған гүл» әнін шығарды
Мөлдір Мұқанова тұрмыстық зорлық құрбандарына арналған «Солған гүл» әнін шығарды. Әннің сөзі мен әуенін Ерболат Қарақойшы жазған.
Әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнап «Солған гүл» атты жаңа ән ұсынды. Бұл туындыны ол қоғамдағы ауыр оқиғаларға байланысты елге арнаған жұбаныш ретінде түсіндірді.
Мұқанова әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жазбаны ешкімнің қайғысы мен өлімін хайпқа айналдыру үшін жасамағанын ерекше атап өтті. «Менің бұл жазбам – біреудің өмірінен хайп табу немесе біреудің өліміне айып тағу емес. Мен жылағанда ел жұбатты, ел жылағанда мен жұбатпаймын ба?» – деп жазды ол.
Әннің сөзі мен әуенін Ерболат Қарақойшы жазған, ал оны Мөлдір Мұқанова орындаған. «Солған гүл» әнінің бейнебаянында тұрмыстық зорлықтың құрбаны болған Салтанат Нүкенова мен Мадина Рашидованың, сондай-ақ алып қашудың құрбаны Нұрай Серікбайдың бейнелері көрсетілген.
Ән мәтінінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің тағдыры суреттеледі. «Қиянат көрдің бе қабырғаңнан, Мезгілсіз сөндің бе жаңылғаннан, «Жаным» деп жүргендер жаныңды алған», – деген жолдар кездеседі.




